Қаржас шежіресінің тарихы

Пікір қалдыру

Өкпеұлы Кәрімтай қажының  2001 жылы  «Арғын: Мейрам шежіресі» деген кітабы жарыққа шыққан болатын. Осы еңбегінде қажы атамыз Қаржас руының шығу тарихына тоқталады. Ол кісі өз заманында ел жақсыларының арасында өсіп, үлкендердің әңгімесіне құлақ түре білген зерделі жан. Қажы атамыз өзі жазған кітабында: шежіре басы Мұса мырзадан басталып, оны Сәдуақас пен Көкен баласы Дінше (Мұса Шорманның шөбересі) жалғастырып, менде солардың ізінше шежірені хатқа түсірдім – дейді. Мен мұны жазғандағы себебім, кешегі зиялы ақсақалдарымыз кетіп, енді міне біздер қалыппыз. Ертең біздіңде көзіміз кетеді. Тіршілігімізде кейінгі ұрпаққа бұрынғылардан естіп білгенімді жазып қалдыру – басты мақсатым деп ойлаймын, деп ағынан жарылады.

 

 

 

Төменде Кәрімтай қажының Қаржас тарихы жөнінде хатқа түсірген жазбасын бердік.

Қаржас бабамызды біреулер Мейрам сопыдан, енді біреуі атасыз, кейбіреулер Оразкелдіден, енді біреуі Сүйіндіктің асыранды баласы, тағы біреуі жорықта тауып алып, асыққа табынған асықтың қаржуынан келген «Қаржас» деп, дәлелсіз әрқилы айтады. Бірақ, осы айтушының қай-қайсысы болсада бірге өсіп, бірге қасында жүрген жоқ. Мен ауылдық жерде өмір бойы болған адаммын. Бос сөйлемейтін, шамасы жеткенше дұрыс айтатын зиялы ақсақал ағалармен талай дәмдес болдым. Ол кісілер өзінен үлкендерге құлақ түріп, тыңдай білген зерделі жандар еді. Мен сол ағалардың сөздеріне жасымнан зейін қойып, тыңдап өскен едім. Қазіргілердей емес, ол ақсақалдар ата жөнінде көбірек айтысып, қалжыңдасатын. Сол бір зиялы ақсақалдар Қаржас бабамызды: «Мейрам сопының бел баласы, Бибігүл шешемізден туған»- деп айтып отыратын.. Мен Қаржастың шығу тарихы жөнінде Ержанов Зейнулланың (Зейнебай) әңгімесін келтірейін.

Бұл 1964 жыл жаз айы еді. Бұл кісі Республикалық прокуратурада қызмет еткен. Қызмет бабымен Петропавл, Көкшетау, Ақмола облыстарында болып, бір қонақта Қанжығалы Саққұлақ бидің әулеті Барлыбайдың Айтбайымен кездеседі. Бұл кісі көп білетін, сөзін дәмдеп айтатын адам екен, бір сөз реті келгенде: «- Ақсақал, осы Қаржас кімнен туып, қайдан тарайды?» деп сұрайды.

Сонда Айтбай Қаржастың шығу тарихы жөнінде былай депті: «Мейрам сопының бәйбішесі Ұлпая кіші жүз Қудыш бидің қызы. Сол кіші жүзде Ақшаханның Бибігүл деген қызы бар екен. қалмақтың бір мықты батыры Ақшаханға: сен қызыңды маған бер, егер бермесең онда ауылыңа шабамын» деп маза бермепті. Әкесі қызына бұл мәселені айтады, ал қызы «мен қалмаққа бармаймын, маған пана, өзіңе қамқоршы болар ер бар ма?» деп сұрапты. Сонда әкесі: орта жүзде өзіңнің жездең Мейрам сопы деген бар, балалары мықты, тұрақты жер, тек сол ғана саған пана бола алады, – депті. Cонда Бибігүл: -қалмаққа керегі менмін ғой, ел арасында бүліншілік болмасын. Мен сол жездемнің еліне кетейін. Мен ол елге жетті-ау деген кезде, «қыз қашып кетті» деп, қалмағыңа хабарла депті. Ақыры осыған келісіп, қыз Мейрам ауылына жетті-ау деген мезгілде “қыз қашып кетті” деп қалмақтарға хабарлаған. Қалмақтар бұны ести сала ізінше қуады. Қызды қуып бір-екі күн жүрсе керек. Қалмақтың бір ақылшысы: «Бұл қыз орта жүз Мейрам ауылына бара жатыр, біз осы бетімізбен барсақ Мейрам балалары ұстап алып, бәрімізді өлтіріп тастайды, одан да осы жерден қайтып, қол жинап толығып келейік» дегенді айтады, осыған келісіп кейін қайтқан. Бірақ сол кеткеннен қол жинап қайтып келмеген екен.

Сүйіндік жылқы ішінде жүрсе, бір салт атты кісіні көреді. Алдынан шығып тосса, бір бойжеткен екен. Амандасқанннан кейін Сүйіндік жөн сұрағанда, Бибігүл: «жездем мен апамды іздеп келем, шаруамды барған соң айтамын» дейді. Сүйіндік Бибігүлді әкесіне ертіп алып келеді. Бибігүл дем алып, тыныққан соң мән жайды жездесі мен апасына айтады. Мейрам сопы: «-олай болса мен сені өзім алам, иншалла төркініңе қорған болармын» депті. Сонда Бибігүл: «-мен осы жерге келгенімде өз жұртыма қайтып барам деп келгенім жоқ, жалғыз-ақ қояр шартым бар, содан өтсеңіз өзіңізге тиесілімін, ал өте алмасаңыз бас еркімді өзіме бересіз» депті. – Сіз менің мініп келген атыма ер тоқымсыз ырғып мінесіз, егер міне алмай қалсаңыз менің басым бос» дейді. Атты әкеліп тосқанда Мейрам сопы бабамыз бірінші ырғығанда мініп кеткен екен.

Уәде бойынша Бибігүл анамыз Мейрам сопыға тиеді. Бибігүл анамыз аяғы ауыр болып жүргенде, Мейрам сопы бабамыз қатты сырқаттанады. Науқасынан айықпайтынын сезген Мейрам сопы бабамыз, Ұлпая мен Бибігүлді шақырып алып, бәйбішесі Ұлпаяға: «-Бибігүлдің аяғы ауыр, мен болсам күннен-күнге нашарлап барамын. Егер мен о дүниелік болып, Бибігүл ұл туып жатса, мен кәрімін ол жас қой, сол себепті ұлдың есімін «Кәріжас» қой, ал егер қыз болса өздерің біліңдер. Екінші айтарым, екі әйелдің баласы – екі рулы ел деген, және ол әлі жас отыра алмас, егер ерге шығамын десе, еншісін өзің дұрыстап беріп Кәріжасты алып қал. Қиямет күні сенің қолыңнан аламын. Ал Бибігүл саған айтарым, сен Ұлпаяның ақылымен бол! Кәріжасты Ұлпаяға бер. Күндердің күнінде өзіңе де, Кәріжасқа да қиын болар» – деген екен. Осыған үшеуіде уәделесіпті.Сол науқастан бабамыз жазылмай о дүниелік болған екен. Бибігүл анамыздың уақыты жетіп ұл баланы дүниеге әкеледі. Әркімдер атын қоямыз дегенде, Ұлпая шешеміз «Бұл баланың атын кеше әкесі көзі тірісінде Кәріжас деп қойып кеткен» деп елге хабарлапты. Уақыт өте келе келін-абысындардың арасында күңшілдік туындап, Бибігүлді жатсынып, «тоқал, пәлен-түген» деген күңку сөздер белең алады. Осы сәтте Ұлпая Бибігүлді шақырып алып: «Мынау келіндердің сұрқы жаман, бір күні жын соғып абыройыңды төгер. Мен саған еншіңді беріп төркініңе жіберейін, Кәріжасты алып қалар едім әттең тым жас, бірақ ержеткенде әкесінің аманаты бойынша біздерге өз жұртына қайтарарсың. Мен өлсем бұл жақта бауырына басып қорған болар ағалары бар ғой, мынау кешегі ақсақал ұстаған сақа, осы сақаны мына торғын орамалға ораймын, осы орамалға екеуміз қан шығарып белгілейміз, бұл Құдай алдыңдағы антымыздың белгісі болсын. Кәріжас бізді іздеп келген күні «белгіңді көрсет деп, мен не болмаса ағалары сұрар, сол кезде көрсетсін» деп екеуі уәделеседі.

Сонымен, Ұлпая шешеміз ұлдары мен келіндеріне айтып, Бибігүлді толық еншісімен төркініне апарып салады. Кәріжас нағашы жұртында ер жете бастайды. Бұл елде Кәріжасқа тыныштық болмайды, «кеше ғана қаңғып келген жетім еді, бұл күндері абыройы бізден асып барады» деген күншілдік сөздер тарайды. Бұл сөздердің ушығып бара жатқанын сезген Бибігүл Кәріжасқа бар сырын айтады. Атын әбден баптап болған Кәріжасқа: «Сен бұл елдің баласы емессің, сен орта жүз Мейрам сопының баласысың, сенің Ұлпая деген үлкен шешең, Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Болатқожа деген ағаларың бар, енді сен ағаларың мен еліңді іздеп тап. Мынау орамал бойыңда болсын, сен барған соң «Кәріжас болсаң белгіңді әкел» деп үлкен шешең сұрар, ол кісі болмаса ағаларың сұраса бересің» деп, жүретін жолын бәрін айтып, Кәріжасты аттандырып жібереді.

Кәріжас Мейрам сопы еліне жеткенде ең алдымен Сүйіндік ағасына жолығады. Сүйіндік: «ал енді өз жөніңді айт, кімсің?» дегенде, Кәріжас: «Мен Мейрам сопының нағашысында жүрген Кәріжас деген баласымын» – депті. Екеуі құшақтасып, жыласып табысады. Сүйіндік Кәріжасты ертіп әкеліп апасынан сүйінші сұрайды. Ұлпая анамыз бірден бас салмай, ең алдымен бұрынғы уәделескен белгіні сұрайды. Кәріжас Ұлпаяға сол бұрынғы орамалды береді. Ұлпая анамыз бірдең танып, Кәріжасты бауырына басып, қуанышы қойнына сыймайды.

Сүйіндік бауырымен қауышқанына ерекше мәз болады. Шешесіне: «Мынау Кәріжасты маған еншілес етіп беріңіз, ешқандай кемшілік көрсетпеймін, інім де, балам да болады» деп сұрапты. Бұл күндері Қуандық ағамыз ауылда болмаған екен. Ұлпая шешеміз: «Әрине балам сенікі дұрыс, бірақ ағаң қазір жоқ қой, олда келсін бірге ақылдасайық. Сен оның мінезін білесің ғой, Кәріжас оның да інісі, сол себепті ағаңды күткеніміз дұрыс болар» деп, бірден шешім шығармапты.

Қуандық үйіне келісімен, әйелінен болған жайды естіп біледі. Тіпті Сүйіндіктің еншілес қылдырып алмақшы болғанында естиді. Қуандық шешесіне барған кезде Сүйіндік пен Кәріжас та барып сәлем береді. Ұлпая анамыз Қуандыққа: «-Қуанышымызда шек жоқ, Кәріжас келіп мәз-мейрам болып жатырмыз» дегенде, Қуандық: «әкемнің үлкені мен ғой, Кәріжасты өзіме бер» деп ашуға басыпты. Ұлпая анамыз: «Қарағым, сенің бір емес алты ұл балаң бар, олар өзіңе серік болып ер жетіп қалды, ал мына Сүйіндік болса баладан кемдік көріп жүр, балалары болса жас, Кәріжасты осыған берейік, өзіне іні әрі балада болады» депті. Сүйіндікте ағасынан қиылып сұрапты. Қуандық бірден ашуланып «олай болса, екеуімізгеде жоқ қылдырып басын бірақ кесемін» дегенде, Ұлпая шешеміз: «-енді екеулеріңде таласпаңдар, мынау орамалдың ішінде кешегі әкелерің ұстаған сақа бар, осы сақаны иіріп таңдау жасайық» деп сабырға шақырады. Қуандыққа «үлкені өзіңсің, тәйтөріге таңдауды өзің жаса – дегенде, Қуандық: алшы, тәйкі, бүгі, шігі менікі» депті. Оған Сүйіндік: -Аға, сіз әмәндә үлкендігіңізге салып маған зорлық етесіз. Асық оңқа тұра ма, маған бір жағын беріңіз дегенде, Қуандық: – алсаң оңқасын ал, алмасаң қой деп, отырып алыпты.

Сонда Ұлпая шешеміз: – Ағаңның айтқаны-ақ болсын. Құдай саған жазған болса, сол оңқасыда тұрар. Сен жұмсақ мінезді едің, Құдай өзі шешер деп көндіріпті. Сақаны шешеміз шаңыраққа дейін иіріп жібергенде оңқа тұрыпты. Қуандық келісім бойынша сөзге келмей таласуын тоқтатыпты.

Кәріжас осындай даумен Сүйіндіктің еншісіне тиіпті. Міне, асықтың қаржуынан келген «Қаржас» дейтін әңгіме осы. Сүйіндік Кәріжасты мәпелеп өсіріп, келіншек әперіп, енші беріп шығарған. Біреулердің Қаржасты Сүйіндіктің баласы, енді біреу асыраңды бала деуі, осыдан шықса керек. Дұрысы, Кәріжас Мейрам сопының бел баласы, шешесі Бейбігүл кіші жүз Ақшаханның қызы. Ақшаханнан Сейтқұл, Бейбігүл туса, Сейтқұлдан Бәйбек, Бәйбектен атақты Әйтеке би дүниеге келген» – бұл бабамнан қалған әңгіме – деп сөзін аяқтапты Барлыбайдың Айтбайы.

Өкпеұлы Кәрімтай қажы,Баянауыл. (Әзірлеген Ернар Кейкі).

Advertisements

Баянауыл қасиет дарыған киелі мекен

4 пікір

Баянаула қойсайшы жердің атын,
Шыбынды, Батпақ қойсайшы көлдің атын.
Таудың атын Қызылтау, Далба қойып,
Құлболды, Қаржас қойсайшы елдің атын – деп, Мәшһүр Жүсіп айтқандай, Баянауыл жерінің әрбір тасы мен тауында бабалардың үні болып өзіне лайық атаулар қалған. Жуырда Алла сәтін салып 26-27 мамыр күндері өзімнің туған өлкемді бір аралап келудің орайы келді. Бұл сапарымызды өзімізше «этнотуристік экскурсия» деп атаған болдық. Себебі, біздің мақсатымыз табиғат тамашалау емес, тарихи тұлғалардың басына барып тәу етіп қайту еді. Ылайым сапарымыз жоспарымызға сәйкес аяқталды.
Қарағанды қаласынан таңертең жолға шықтық. Көлікте төрт адамбыз. Қарағанды медицина академиясының ұстаздары: Құдайберген Абайұлы, Сәкен Меңдуллаұлы, Айдос Бәделұлы деген азаматтар. Жалпы осы сапарды ұйымдастырушымыз Құдекең (Құдайберген) ағай. Көлігіміз қазақтың даласын аралауға шыдамды «жигули» көлігі. Ботақара кентінен өткеннен кейін, Керней ауылының тұсынан оңға бұрылдық. Алдымызда Семізбұғы тауы. Қазақтың жазиралы даласы шіркін кең ғой! Қаланың тар қапасынан кейін тынысын кеңейіп бір рахаттанасың. Жол бойында мыңғырлаған қалың мал көрінбейді, оның есесіне суырлар көп екен. Бұл дала малдың жайылымы емес, суырлардың мекеніме деп қалғандай болдық. Малы тоқ болса, өзі де тоқ боларын білген біздің дана халқымыз, малға жайлы жайылым үшін жайлауы мен қыстауының арасында көшіп-қонып отырған. Кеңес үкіметі осы көші-қонды тоқтатып, малға қырғидай тиіп, жайылымын егістік даласына айналдырды. Осыдан қалған белгі ретінде, бұрыңғы жыртылған қуаң дала көзге бірден шалынады. Қайран қазақтың даласы деп күрсінесің!

More

Жылқылар эволюциясы немесе жылқының арғы тегі түлкі сияқты хайуан ба?

1 пікір


Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы туралы ғасырлар бойы алуан түрлі гипотезалар, болжамдар қалыптасты. Ең соңында ғалымдар: «эволюция тірі ағзаның қозғаушы күші» дегенге тоқтам жасады. Эволюция ілімінің негізін қалап, оны ең биік шыңына жеткізген ағылшын ғалымы Ч.Дарвин еді. Дарвиннің “табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығу тегі” деген еңбегі, барлық эволюционер ғалымдардың еңбегіне арқау болғандығы белгілі. Бір түрден екінші түр пайда болды деген қағида, кез-келген түрдің арғы тегін анықтауына түрткі болды. Палеонтолог ғалымдар қазіргі жер бетіндегі түрлердің арғы ата тегін анықтауға құлшына кірісіп, қазба жұмыстарының арқасында табылған қаңқалар, сүйектер арқылы қалайда болсын қорытынды шығаруға әрекет жасады.

More

Қазақтың тойы немесе асаба жайлы бір ауыз сөз

3 пікір

Қазақ тойдан кенде емес. Аллаға шүкір “бір тойым болатыны сөзсіз менің” деп, бір демалысын тойдың қызығына арнаған халықпыз. Қазақта той-томалақтың түрі неғұрлым көп болса, асабалардың да түрлі-түрлісі болады екен. Жалпы той басқаруда оңай емес. Себебі, той десе қу бас домалайды дегендей тойға әр буынның өкілі, қариясыда, жасыда, балашағасыда келеді. Асабаны үнемі тыңдап отыратындай бұл жер сахналық қойылым, ал тыңдарманы қаз-қатар көрермен болып отырған жоқ. Яғни, “алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым” деп, тамақ ішуге негізделген отырыс. Сондықтан, асқазан мен құлақтың ләззатын бірдей қанағаттандыру тағы әсте мүмкін болмай жатады. Дегенмен, бұл алқалы қауымды иіріп-ап құлақ түрілтіп тыңдату, осы асабаның сөздік қорымен дауыс интонациясына байланысты болмақ. Тойға келген жұртты даусымен жалт қарататын, не болмаса тілі күрмеуді шешетіндей орақ тілді асабалар бірден өзіне бағындырып алады. Ал кейбір асабалар ұзақ сонар сөйлеп, не болмаса қарабайыр тілімен елді де жалықтырып, аудиторияныда ұмыт қалдырады. Осындай кезде тәбеті артып, нәпсісі асқазанға түскен тойшыл қауым құлағына құрыш әкеп соқсанда естіместей ырду-дырдуға кетіп қалады. Көбінесе жан-жаққа пышырап кеткен қауымды епті асабалар әдемі әзілдерімен қайтарып алып жатады. Қалай айтсақта тойдың жақсы өтуі осы асабаларға байланысты болмақ. Асабалар үнемі ізденісте болып, сөздік қорына жаңа сөйлемдер, терең мәнді ой тастайтын сөздер, заманауи әзілдер, ғибратты қысқа әңгімелер айтып отырса орынды болар еді. Кейбір қалжың сөздерді ести-ести құлағын жауыр болады. Әйтеуір, сөйлеу керек екен деп ретсіз, қажет емес әзілдерді айтып отыратын асабаларда жетерлік. Өзі санаулы ғана қалған ақ жаулықты әжелерімізбен, ақсақалды аталарымызды алақанға салып мадақтап отырудың орнына, олардың аузындағы тістерімен алысып, иегіндегі сақалдарын келемеждеп, жүрген жүрістерін сөз қылып қай-қайдағыны айтып кететін асаба сымақтарда бар. Бірде бір тойда асабамыз ортаға сөз сөйлеуге шыққан кейуананың аузындағы екі-үш тісін сөз қылып, елді күлдіртемін деп той үстінде бір ағамыздан қатты-қатты зілді ескерту сөздер естіген еді. Сондықтан тілге абай болған дұрыс, сөз атылған оқ сияқты қайтып келмейді. More

Қарағандыда жаңа мешіт бой көтеріп келеді.

Пікір қалдыру

Сонау 1989 жылы Қарағандыда алғашқы мешіт – қазіргі орталық мешіті салына бастады. Бірақ, әртүрлі жағдайларға байланысты құрылысы 11 жылға созылып кеткен орталық мешіт ақырында 2000 жылдың 23 желтоқсанында салтанатты түрде ашылған еді. Ашылу рәсіміне елбасы Н.Ә.Назарбаев пен бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысқан. Міне, содан бері он жылдың ішінде мешіттің жамағаты көбейіп, жұма намаздарында мешітке сыймаған жамағат далада сапқа тұрып, қақаған қыс ішінде намаз оқитын жағдайға жетті. Әрине, жамағаттың көп болғанына қарап имандылыққа бет бұрған жастардың көбейді деп қуанып жатамыз. Ал мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, жамағаттың көбеюі қаламызға бір үлкен мешіттің қажеттілігі туындағанын байқатқан еді. Бұрынғы Қарағанды облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Өтпенов бір сөзінде: More

Көңілде қалған бір сұрақ…

8 пікір

Бұл сұрақ бір ағайдың үйіне барғанда туындады. Сөзден сөз шығып ағамызға: «енді зейнетке шықтыңыз, үйде жатып ғұмырнамалық естелік жазбайсыз ба?», деп ойымды айтып едім. Ұлт десе қаны тулап, бір орында байыз таппайтын ағайым, өзіме ашулы кейіппен: «мен ол естелікті не үшін? кім үшін жазамын? маңайымдағы туыстарымның біреуі кітап оқымайды, балашағам мына «көк жәшікті» қараумен күні өтіп жатыр, бұл көк жәшік бәрін құртып тыныш тапты» деп, ішіндегісін төгіп салды. Үйіндегі сөре толы кітаптарға көзім түсіп, бұл кітаптар кімдерге қалмақ деген ой санама жылт етіп келді. Қазіргі жастар шаң басқан кітап бетін ақтарып жатпай, интернеттен қалаған сұрағымды табамын, – деген түсінікпен өсіп жатыр. Үйге қайтып келе жатырмын, осы бір сұрақ менің мазамды алып кетер емес. More

БАССЕЙН КӨЛІН КӨРУ БІР ҒАНИБЕТ

2 пікір

Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы,- деп Мәди Бәпиұлы Алаш жұртына мұңын айтып, өлеңіне арқау қылған Қарқаралыдамыз. Сарыарқаның иен даласындағы белес-белес белдерден оқшау көрінетін Қарқаралы – таулы, қарағайлы орман массиві бірден өзіне баурап алады. Маусым айында ҚарМУ-дың Қарқаралыдағы оқу базасына (лагеріне) биология-география факультетінің «эколог» студенттерімен оқу далалық практика өткізу үшін бардық. Төмендегі сурет ҚарМУ-дың студенттерге арналған оқу-сауықтыру базасы. Бұл жерде студенттерге барлық жағдай жасалынған: жатақхана, асхана, сабақ қарайтын бөлме, жуынатын орын, медпункт, ойын алаңдары т.б.

More

Older Entries