Баянаула қойсайшы жердің атын,
Шыбынды, Батпақ қойсайшы көлдің атын.
Таудың атын Қызылтау, Далба қойып,
Құлболды, Қаржас қойсайшы елдің атын – деп, Мәшһүр Жүсіп айтқандай, Баянауыл жерінің әрбір тасы мен тауында бабалардың үні болып өзіне лайық атаулар қалған. Жуырда Алла сәтін салып 26-27 мамыр күндері өзімнің туған өлкемді бір аралап келудің орайы келді. Бұл сапарымызды өзімізше «этнотуристік экскурсия» деп атаған болдық. Себебі, біздің мақсатымыз табиғат тамашалау емес, тарихи тұлғалардың басына барып тәу етіп қайту еді. Ылайым сапарымыз жоспарымызға сәйкес аяқталды.
Қарағанды қаласынан таңертең жолға шықтық. Көлікте төрт адамбыз. Қарағанды медицина академиясының ұстаздары: Құдайберген Абайұлы, Сәкен Меңдуллаұлы, Айдос Бәделұлы деген азаматтар. Жалпы осы сапарды ұйымдастырушымыз Құдекең (Құдайберген) ағай. Көлігіміз қазақтың даласын аралауға шыдамды «жигули» көлігі. Ботақара кентінен өткеннен кейін, Керней ауылының тұсынан оңға бұрылдық. Алдымызда Семізбұғы тауы. Қазақтың жазиралы даласы шіркін кең ғой! Қаланың тар қапасынан кейін тынысын кеңейіп бір рахаттанасың. Жол бойында мыңғырлаған қалың мал көрінбейді, оның есесіне суырлар көп екен. Бұл дала малдың жайылымы емес, суырлардың мекеніме деп қалғандай болдық. Малы тоқ болса, өзі де тоқ боларын білген біздің дана халқымыз, малға жайлы жайылым үшін жайлауы мен қыстауының арасында көшіп-қонып отырған. Кеңес үкіметі осы көші-қонды тоқтатып, малға қырғидай тиіп, жайылымын егістік даласына айналдырды. Осыдан қалған белгі ретінде, бұрыңғы жыртылған қуаң дала көзге бірден шалынады. Қайран қазақтың даласы деп күрсінесің!


Семізбұғы тауына да келіп жеттік. Таудың баурайында әдемі айдын көл жатыр. Көл бейне-бір таудың биіктігін әшекерелеп тұрғандай, айна қатесіз қайталап, керемет ғажап көрініс береді. Көлдің жағасында орналасқан Шалқар ауылына жетіп тоқтадық. Осы тауды неліктен «Семізбұғы» атағанын білмедім. Бәлкім бір заманда бұғылар мекендеген болар. Семізбұғымен қатарлас орналасқан тау «Кішібұғы» деп аталады. Осы жерде әдемі көрініске суретке түсіп, аялдап, әрі қарай жол жүріп кеттік.
Міне алдымызда Далба таулары. Далба таулары дөңес пішінді, нағыз қазақтың ұсақ шоқылары дерсін. Шалқардан 20 шақырым жүргесін Бұқар ата кесенесі менмұндалап көрінді. Біз алдымен шырақшы тұратын үйге бұрылдық. Үйдің құрылысы таудың етегінде өте қолайлы жерге салыныпты. Бұл жерде екі үй тұр. Бірі – Бұқар жырау мұражайы, ал екіншісі шырақшының үйі. Көліктен түсіп, мұсылманша амандасып үйге кірдік. Үй иесі бізді қошаметпен қарсы алды. Шырақшы (күзетші) Саябек Сағынтайұлы деген азамат. Біз өзіміздің қайдан келе жатқандығымызды, мақсатымызды айтып таныс-біліс болдық. Саябек бізге мұражайды көрсетті. Мұражай – көненің көзі дерсің. Мұражай екі бөлмеден құралған, кірген бетте бұрышта тұрған гранитті тас көзге бірден шалынды. Бұл тасты Бұқар бабаның басына өз дәуірінде Мәшһүр Жүсіп құлпытас қылып қойған еді. Көмекей әулие атанған Бұқарға ең бірінші болып белгі тас орнатқанда осы Мәшһүр Жүсіп болатын. Бұқар жырау ХVІІІ ғасырдың соңында яғни, 1781 жылы дүниеден қайтқан болса, ал Мәшһүр Жүсіп XIX ғасырдың соңында құлпытасты орнатты десек, аралығы тура бір ғасыр екен. Мәшһүр Жүсіп дүйім жұртқа: «Мен сендерге таңертең Бұқардың зиратын көрсетемін» депті де, қалың бейіт ішінен Бұқардай әулиенің қабірін дәл тауып, белгі тас орнатқан екен. Бұған қарап, әулиені таныған «әулие» дерсің.


Саябек бізге бар білгенін айтып бағуда. Ол өзіде Бұқар жырау шыққан Қаржастың Алтынторы руынан. Осы жерде қызметке кіріскеніне көп уақыт болмапты, үш жігіт жұмыс істеп жатырмыз – деді. Естелік кітапшаға қол таңбамызды қалдырып, кітапханадағы кітап қорына көз жүгірттік. Бір өкініштісі, өткен-кеткендер кітап сұрап алып, қайтып әкелмейді екен. Саябек бізге: «Мына жерде бір жақсы кітап болған», – деп тек орнын көрсетумен болды. Мұражайдан шығып Бұқар атаның кесенесіне бардық. Бұл кесене 1993 жылы 21 тамыз күні, жыраудың 325 жылдық мерейтойы аталып өтілуіне орай салтанатты түрде ашылған. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат – қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсайды. Кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Кесененің ашылу салтанаты көне Далба тауы етегінде үлкен тойға ұласқан еді. Баба рухына тағзым етіп, құран аятын бағыштадық.
Ендігі бағытымыз Қаныш Сәтбаев ауылы. Бұқар атаның кесенесінен шыққан бетіміз сол еді, алдымыздан кесе көлденеңдеп екі арқар кесіп өтті. Көлікті тоқтатып, дүрбі салып біраз бақыладық. Құдекең: «бұл жақсы нышан» деп қояды. Далба тауы – арқарлардың негізгі мекені, өз басым осы таулардан бір-екі мәрте көрдім. Сонау, Қызылорда өңірінің тумасы Сәкен үшін тіпті керемет болды. Даланың қара жолымен зырылдап келеміз. Алдымызда Алабас, Әужан Керегетасы таулары (Әужан Шорманұлы). Осы таулардың атауы Мұса Шорман елі, Ақкелін болысы жерінің аймағы екендігіне куәлік етеді. Оң жағымыздағы алыстағы қыраттардан Қаныштың балалық шағы өтіп, кіндік қаны тамған Ащысу бойындағы Айрық, Сәтбай қоныстары көрінеді. Ұлы даладан ұлыларды тудырған бұл да қасиетті мекен. Бұл жерде Қаныштың әкесі Имантай, анасы Әлима жатыр. Ал, Сәтбайға топырақ сонау Меккеден қажылық сапарына барғанда бұйырған. Содан түсауа Қаныш ауылы «Қараащыға» күйеу бала Мұраттың үйіне барып тоқтадық. Ботакөз қарындасымның дастарханынан дәм татып, он шақырымдық қашықтықтағы Мұса ауылына (әзірше Теңдік ауылы) бағыт алдық. Бұл ауылда 1903 жылы Павлодар облысындағы ең алғашқы мектеп салынған. Пән сабақтарын орыс тілінде оқытатын, заман талабына лайық мектеп болған. Бұл мектептен Қаныш алты жыл білім алып, ақыл парасатымен ұлттың мақтанышына айналды. Мектеп қазір Қаныш Сәтбаев атында. Кезінде Сәдуақас Шорманов мектепке жетекшілік етіп, “белім бүгіліп еңкейгенше еліме адал қызмет етпекпін” – деген әкесі Мұсаның өсиетін бұлжытпай орындаған еді. Баянауылдан тұңғыш мешіт салдырып, ол мешітке Уфа, Қазан медресесін бітірген Қамариддендей қазіретті алдырған. Мәшһүр Көпейұлына: “Мәшһүр болатын бала екенсің” деп батасын беріп, қамқорына алған Мұса Шорманұлының ізін жалғастырған Сәдуақаста тегін адам емес еді. Сәдуақасты елі, жұрты құрметтеп атын толық атамай «Сәкен ағай» деп атап өтті. Міне, елге шарапаты шаш етектен тиген, осындай тұлғалар жатқан қасиетті жердеміз. 
Теңдік ауылының күншығыс жағында орналасқан қабірстанда тұрмыз. Мұсаның бейіті бірден алыстан көрінетіндей үлкен кесене емес. Мұндай қалың бейіт арасынан іздеп табуымызға тура келді. Осы сапарға шығар алдында Мұса Шорманұлының ұрпағы Бақыт Дінмұхаммедұлымен (Қарағанды техникалық университетінің профессоры) кездесіп, әңгімелескен едім. Бақыт ағай өз әңгімесінде «1977 жылы Мұсаның мәрмәр тастан тұрғызылған құлпытасы құлап түсіп (90 жылдан кейін), оны сол жылы көтеріп қайыра тұрғыздық» деп еді. Мұсаның айналасында Шорманұлының ұрпақтарының бірнеше қабірі бар екендігін айтты. Біләлдің, Сәдуақас т.б. туыстарының қабірлерін тауып, ал Мұсаның бейітін мүлдем таппай қойдық. Енді неде болса, қабірстанның сыртқы бөлігінен жалпылама құран бағыштап, дұға етейік деп ойлағанымыз сол еді, бейіт басында екі адам ұшыраса кетті. Осы кісілердің көрсетуі бойынша Мұсаның бейітін таптық. Сөйтсек, Мұсаның негізгі жатқан жерін сыртынан кірпішпен арнайы қоршаған екен. Оның сыртына белгі жазылмағандықтан біз айналшақтап жүре беріппіз. Жаңағы екі адам құтты бізге көрсету үшін келгендей асығыс екендігін білдіріп ізім ғайым жоқ болды. Біздің ниетіміз Мәшһүр әулиенің басына бармас бұрын, Мұсаның бейітіне соғу болатын, Алла Тағала осы ниетімізді құп көріп, екі адам жіберіп бізге көрсеткендей болды. Еліне қамқор болған Мұса Шорманұлы басында тұрмыз. Мұса мырза 1884 жылы Омбыда қайтыс болып, Ақкелінге денесі әкелінеді. Мұсаны соңғы сапарға аттандыруға Мәшһүр кешігіп келсе керек, ел-жұрты: «Мәшһүр бір үлкен сүренің бірін оқиды ғой» деп отырады. Мәшһүр келіп отырған соң Ықылас (Қулһу Алла) сүресін үш қайтарып, дұға оқиды. Бата жасаған соң отырған молланың біреуі:
– Мәшһүр молла, біз сізден үлкен сүренің бірін күтіп едік. Сіз Ықылас сүресін үш қайтарып қоя салдыңыз-ау, – депті. Сонда Мәшекең:
– Құранда 6666 аят, 114 сүре бар, соның абзалы Ықылас сүресі. Сүйіндіктің абзалы Мұса мырза мен екі абзалды бір-бірімен құшақтастырып табыстырдым, енді маған не істе деп отырсың? – деген екен. Сонда отырған моллалар тым-тырыс отырып қалыпты.
Бізде осы Мәшһүрдің ізімен төртеумізде Ықыласты үш қайтарып бағыштап, дұға еттік. Ендігі беталысымыз Жаңажолдағы Мәшһүр атаның мазары.
Күн көкжиектен түсіп, күнбатыс қызыл шапаққа оранды. Сәкен Баянауылдың тас жолымен зырылдап келеді. Алдымызда Баянауыл тауларының сілемі байқалады. Құндыкөл ауылына жақындай бере жігіттерге сол жақтан Көкдомбақ ауылын көрсеттім. Жол бойынан он шақырымдық қашықтықта орналасқан бұл ауылда, Мұса Шорманұлы тұсында өмір сүрген Баянауылдың беделді биі Найзабекұлы Үкібайдың бейіті бар. Үкібай туралы ел аузында айтылар әңгіме өте көп. Ол өз алдына жеке әңгіме. Содан Құндыкөлден өтіп, Жаңажол ауылына бұрылдық. Жаңажол ауылы бұрылыстан отыз жеті шақырым. Шамамен жиырма бес шақырым жүргеннен кейін көліктің жарығы істен шығып, таудың етегіне жетіп тоқтадық. Айдос екеуміздің техникада шаруамыз болған жоқ, Құдекең мен Сәкен жөндеуге көшті. Біз тоқтаған тауға көз салып едім, таудың ұшар басындағы тас құтты қонайын деп тұрған бүркітке ұқсас мүсін құрап тұр екен. Аспанның түсі күнбатыстан көкшіл түс болғандықтан, таудың тасы бүркіт болып анық көрінді. Бұл ғажапқа таңданбай қоймадық. Осы таудың атауыда «Бүркітті» болатын. Неліктен «Бүркітті» деп атағанын білмедік, мүмкін тастың бүркітке ұқсағандығынан болар деп топшыладық. Осы көріністен кейін маған мынадай ой келді, біздің қазақ таудың атауын тек қана күндіз қоймай, оған атауды түнде де қойған болуы мүмкін. Себебі, таулар айлы түнде керемет мүсінге ұқсас бейнелерді құрайды.
Жаңажол ауылына жеткенде қою қара түн еді. Ауылдан Мәшһүр Жүсіп мазары 16 шақырым жерде. Бағытымызды дұрыстап алып Ескелдідегі Мәшһүр атаның кесенесіне жеттік. Кесенеге арнайы келген адамның саны бірталай екен. Көліктердің саны он бестен артып жығылады. Ең алдымен шырақшысы Әсет Пазыловқа (Мәшһүр Жүсіптің тікелей ұрпағы) жолықтық. Әсет бізге алдымен кесенеге кіріп шығуымызды өтінді. Кесенеге апарар баспалдақтардағы шамның қара түнде жарық шашып тұратыны ғажап екен. Баспалдақ бойын жағалай Мәшһүр Жүсіптің ғибратты сөздері Баянауыл тауларының гранитті тасына өрнектеліп жазылған. Баспалдақтың саны Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының өмір сүрген 73 жасын бейнелейді. Кесененің іші заманға лайықты электр жарығымен қамтылған. Зиярат етіп келгендер кіріп, шығып жатыр. Тірісінде әулие: “менің басыма әлі келіп тұратын боласыңдар” деген екен. Өлі риза болмай, тірі байымайды деген біздің дана халқымыз өлісін ұмыт қалдырған емес. 2008 жылдың қараша айында Мәшһүр Жүсіптің 150 жылдығы республикалық деңгейде осы Ескелді жазығында аталып өтті. 2006 жылы кесене заманға лайық үлгіде тұрғызылып, әулие бабаның кесенесінің басына келіп тәу ететін адамдар үшін он төсектік қонақүй салынып, онда арнайы ыдыс-аяқ, дәрет алатын, мал соятын, ас дайындайтын бөлмелер де қарастырылған. Бұрын болмаған электр желісі тартылды. Кесенің ашылуында сөз алған әулиенің келіні Нұрила әже: « Аталарың бір Аллаға табынып, құлшылық еткен, бес уақыт намазын қаза жібермеген. Халқын ар тазалығына, имандылыққа үндеген ойшыл жан еді. Көксегені егемен ел орныққанда осылай жүзеге асты. Кесене орнаған Ескелдінің де, менің де енді арманым жоқ», – депті. Иә, шынымен де атаның бейітіне еркін келіп жатқан адамдарға қарап небір зобалаң қиыншылықтар артта қалды дерсің. Кесенеге кіріп тәу етіп шыққаннан кейін, қонақ үйге жапсарлас тігілген екі киіз үйдің біріне еніп, келген адамдармен бірге сары табаққа қол создық. Адамдардың көптігі соншалық қонақ үй, киіз үйлерде орын болмай көлік ішінде отырдық. Бұл жерде түн баласының ұйықтау керек екендігінде ұмытып кеттік. Таң біліне самаурын қайнатқан адамдардың тобына кіріп, бізде бір самаурынға иелік етіп дайындаған болдық. Таңғы асымызды ішіп алғасын айналаға көз салдық. Кесене орналасқан шағын ғана қыраттың басы құтты биік таудай, айнала аласарып көрінеді екен. Мәшһүр әулие өзі жатқан жерді өлерінен бір жыл бұрын таңдап, қабірін қаздыртып, өзіне құран бағыштатқан деседі. Алла Тағаланың әулиелерге берген кереметі болар, бұл жер шыныменде бір ерекше сипатқа ие. Тірісінде қазақтың басына төнер қиыншылықты (ашаршылық) болжап, бейбіт заманда өзіне жаназа рәсімін өткізген, екі ғасырдың куәсі болған Мәшһүрді әулие емес деуге әсте болмас.


Әсетпен қош айтысып, кесененің солтүстік бағытында 2 шақырымдық жерде орналасқан Ескелді бұлағындағы Мәшһүр тұрған үйге бардық. Мөлдір бұлақтың суынан су ішіп, үйге кіріп шықтық. Бұл үйде әулие атамыз талай-талай ғибратты сөздерін жазып, ұрпағына хат түрінде қалдырған болар. Мәшһүр Жүсіптің жазып қалдырған дүниесі бұл күндері 13 томды құрайтындығы осыған дәлел болмақ. Ендігі бағытымыз Баянауыл тауындағы Қоңыр әулие үңгірі, жол-жөнекей Әбжәлаб диуананың бейітіне соқпақшымыз. Әрі қарай Жаңажолға қайыра бағыт алдық, жолда Ащысу өзені бойынан екі аққуды көріп, суретке түсіріп, дүрбі салдық. Құдайберген ағамыздың есі шығып: «аққу құспен суретке түсем» деп, өзен жағасын абыр-дабыр жасадық. Қысқасы аққуларды жылы орынынан жылыстатып, көкжиекке ұзатып салдық. Жол сұрау үшін ауылға бұрылдық. Ауыл ішіндегі дөң басынан бір адам ұшыраса кетті. Ол адам жүретін жолымызды шақырым-шақырымына дейін нақты айтып беріп: «Әбжәлаб диуананың басына соғып құран бағыштаңдар, әйтпесе жолдарың болмайды», – деді. Содан Жаңажол ауылынан 22 шақырым жүріп, Әбжалаб әулиенің бейітіне барып тоқтадық. Әбжалаб диуана 1818 жылы қайтыс болғанда, оның денесін арулап жуу кезінде, Мәшһүр Жүсіптің өзі шәйнекпен су құйып тұрып: “ Мына төбеміздегі шоқ бұлтты көрдіңдер ме, ол бізге көлеңкесін түсіріп тұр. Әбжалаб тегін кісі емес”, – депті. Кейін бейіт басына барып, диуананы ораған кигізді ашқанда, онда әулиенің денесі жоқ болып шығады. Сонда Мәшһүр Жүсіп: “ Әбжалабтың денесі көрде жатпайды, менің денем 40 жыл шірімейді”, – деген екен. Иә, Әбжалабта тегін адам емес еді. Құдіреті күшті Алла Тағала Иса пайғамбардың денесін көкке әкеткендей, рухы таза талай әулие адамдардың денесін әкеткен болар. Соның бірі Баянауылдық Қаржастың Жәдігер руынан – Әбжәлаб әулие. Әулиенің басына құран аятын бағыштап, сапарымызды жалғастырдық.
Жолдың қиындығы көліктің түтін шығатын мұржасын істен шығарды. Сәкен мен Айдос біраз әбігерге түсіп, мұржаны бөліп алып жүк салғышқа жайғастырды. Енді көліктің дауысынан тіршілік атауы алыстан үркіп қашатындай болды. Жасыбай көліне бағытталған жолмен жүріп отырып, бір қыстақтың тұсынан оңға бұрылдық. Мен шырақшы арқылы баруды қалаған едім, жүрегім: «қыстауға бекер соқпадық» деумен болды. Қысқасы «Қоңыр Әулие» үңгірін таппай қойдық. Құдекең бес рет келіпті, ал мен бір мәрте болғам. Соған қарамастан мүлдем шатастық. Тау арасы – жолдардың тізбегі. Неде болса қыстаққа кері бұрылдық. Бұл қыстау «Жоғарғы Қызылшілік» деп аталатын шырақшының үйі болып шықты. Шырақшы өзім танитын Алтынбек ағайымның әкесі Жұмат Құрманұлы ақсақал. Ол кісі барлығымызға дәрет алдыртып, бірге көлікке мініп Қоңыр әулиеге алып барды. Біз әуелде Бұқар жырау, Мәшһүр әулие басын шырақшы арқылы көрдік қой. Ал бұл жолы өз бетімізбен бармақ болып едік, мүлдем жол таппай адастық. Сөйтсек, біз қасиетті жер «Қоңыр Әулиенің» шырақшысын аттап барады екенбіз.
Қоңыр Әулие – ықылым заманнан елдің кие тұтқан жері. Бұл араға өз кезінде Бұқар жырау, Абылай хан, Мәшһүр Жүсіп тәрізді танымал адамдар келіп, бір Аллаға мінажат етіп, зиярат еткен. Осы үңгірге талай-талай есімдері әйгілі болған адамдар шырақшылық жасаған. Солардың бірі, әкесі Құрман ұстаның шырақшылығын қолына алған, бұл күндері жасы жетпістен асқан Жұмат ақсақал. Ол кісіні ескінің сарқыншағы дерсің, әңгіменің майын тамызып тарих қойнауына молынан сүңгітеді. Бізге «Қоңыр Әулие» үңгірінің тарихын, шырақшылық етуді қалай бастағанын баяндап берді. Теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан «Қоңыр Әулие» үңгіріне, ақсақал бала кезінен бастап қанша мәрте көтеріліп түсті екен деген ой келеді. Біз бір мәрте көтерілгенге ентігіп қалдық. Үңгірдің оң жағындағы таудың тастарын “намаз оқып отырған жеті кемпір” деп атайды екен. Шыныменде атауына сай көрініс береді. Жұмат ақсақал ең алдымен өзі кіріп, ішін ретке келтіріп бізге кіруге рұқсат етті. Үңгір үш бөлмеден құралған. Алғашқы бөлмесінде ақсақал құран бағыштады. Үңгірдің соңғы үшінші бөлмесіндегі қазандықтан судың пайда болып, болмауы жөнінде әңгіме қылдырды. Яғни, ниетің дұрыс болмай, бойда дәрет болмаса тас терлеп, суда шықпайды екен. Біздің бағымызға, ниетімізге орай ожаумен су ішу бұйырды. Ақсақал біздерге: “ ниеттерің таза, жүректерің ақ адам екенсіңдер”,- деп, ілтипат білдірумен болды. Үңгір аузынан шыққаннан кейін тағыда жақсы әңгіменің тиегі ағытылды. Сәкен: « Қызылорда жерінің тумасымын» деп еді, ол елдегі Марал ишан әулие жөнінде, жалпы сыр еліндегі әулиелер туралы бірталай тарихты ақтарып шықты. Барлығымыз ақсақалға дән риза болдық. Осындай ақсақалдар университетте дәріс оқып, жастарға ғибратты әңгіме айтып отырса деген ойға келгенімізді бір-бірімізден жасырып қалмадық.


Жұмат ақсақалдың үйінен дәм татып, ол кісінің батасын алып сапарымызды жалғастырдық. Ендігі бағытымыз Торайғыр ауылы. Жолай «Құсайынның Найзатасы» мен «Кемпіртас» деп аталған табиғи мүсін тастың қасынан өттік. Осы екі тасқа Баянауыл жеріне келген туристер соқпай кетпейді. Найзатасқа жан-жақтан спортшылар келіп тасқа өрмелеп шығудан додаға түседі. Торайғыр ауылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың атасының есімімен байланысты. Осы жерде Баянауыл тауына бір шығып түсудің орайы келді. Ауыл маңындағы айдын көл «Торайғыр көлі» деп аталады. Көл биік құзды шыңдардың етегінде орналасқан. Осы құзды шыңның атауы «Сәкен жар». Белгілі жазушы, ақын Сәкен Сейфуллиннің атымен аталу себебі, «Тар жол тайғақ кешу» романында жазушы азап вагонынан қашып, осы өңірде тұратын Мұқай деген нағашы жұртын паналап, осы жартаста тығылғандығы айтылады. Торайғыр көлі – Баянауыл демалыс аймағының бір бөлігі. Бұл аймақты біраз тамашалап, екі күндік сапарымызды аяқтадық. Тек Құдекеңнің «Ақбет тауының биіктігін бағындырамын», деген арманы ғана орындалмай қалды. Баянауылдың ең биік тауы Ақбетке шығуға уақытта, шамамызда жетпей қалды.
Күн ұясына батуға таяды. Сапарымыз аяқталып, Қарағандының тас жолына түсіп алып, зырылдап отырдық. Екі күндік этнотуристік сапарымыз жылға татитындай әсерлі болды. Қазақтың даласы тұнып тұрған тарихи қазына. Тек өкініштісі, соған барар жолдардың машақаты көп. Туристік аймақтарды дамыту үшін, ең бастысы жолдардың жағдайы шешілсе екен деген ой келді.