Сонау 1989 жылы Қарағандыда алғашқы мешіт – қазіргі орталық мешіті салына бастады. Бірақ, әртүрлі жағдайларға байланысты құрылысы 11 жылға созылып кеткен орталық мешіт ақырында 2000 жылдың 23 желтоқсанында салтанатты түрде ашылған еді. Ашылу рәсіміне елбасы Н.Ә.Назарбаев пен бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысқан. Міне, содан бері он жылдың ішінде мешіттің жамағаты көбейіп, жұма намаздарында мешітке сыймаған жамағат далада сапқа тұрып, қақаған қыс ішінде намаз оқитын жағдайға жетті. Әрине, жамағаттың көп болғанына қарап имандылыққа бет бұрған жастардың көбейді деп қуанып жатамыз. Ал мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, жамағаттың көбеюі қаламызға бір үлкен мешіттің қажеттілігі туындағанын байқатқан еді. Бұрынғы Қарағанды облысының өкіл имамы Наурызбай қажы Өтпенов бір сөзінде:– Қарағандыда 600 мыңға жуық халық бар, ал мешіттер саны өте аз. Тіпті, ең үлкен деп саналатын осы орталық мешіттің өзінде келген адамдар жаңбырлы, қарлы күндері мешіт алаңына, яғни, далаға киімдерін жайып, намаз оқиды. Қазіргі мешіт өте тарлық қылуда. Қазір қаладан жаңа мешіт соғуға үлкен жер белгіленді. Бүгінгі күні жобасы дайындалып жатыр. Алла қабыл етсе, келесі жылы қалада жаңа мешіт тұрады деген жоспар бар -деген.Иә, шыныменде қаламызда жыл сайын үлкенді-кішілі шіркеулер бой көтеріп жатқанда, неліктен мешіт салынбасқа деген ой барлығымыздың көкейіміздегі басты сұрақ болатын. Сонымен, қала тұрғындары бұл қуанышқада куә болды. Алланың қалауымен өткен жылдың төртінші маусымында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы этносаябақта, жаңа мешіт салынатын жерге тақтатас қоюдың салтанатты рәсімі болып өтті. Бұл мешіт бюджеттен тыс қаражатқа салынып, әрі саябақтың ажарын ашып, сәнін кіргізді. Жалпы адам баласы сан қилы ойлайды емес пе? Біреулер сыни көзбен қарап, «басқа жер таппағандай мешітті кафелері қаптаған этнобақ ішіне салу деген не сұмдық, оданда салмағандары жақсы еді» деп жатты. Шынында, айтса айтқандай-ақ дәл мешіттің құрылысы басталған жерде бірнеше кафелер мен ойын-сауық алаңдары болатын. Мешіт құрылысы басталған сәттен-ақ кафелер орынынан алына бастады. Төмендегі суретте кафелер болған жердің қазіргі көрінісі. Қарағанды қаласында жаңа, көлемі жағынан үлкен мешіт салу мақсатында «Шапағат-Қарағанды» қоғамдық қоры құрылды. Аталмыш қорға үлесін қосамын деген кез келген қаржылы азаматтар осы күнге дейін көмектерін аяп қалмады. Осының нәтижесінде құрылыс берекелі басталып, осы күнде мешіт зәулім болып алыстан меңмұндалап көрінетінде болды. Облыс басшысының тапсырмасы бойынша әрбір мемлекеттік мекеменің қызметкерлері, оқу орындарының студенттері мен оқушылары сенбілікке шығып тазалық жұмыстарын жасап көмектесуде. Ал кейбір азаматтар сауап үшін өз еріктерімен барып қол ұштарын беруде. Міне төмендегі суретте, өткен сенбі күні «Алланың разылығын аламын» деп келіп, мешіттің алдына төселген кафельдерді ысқылап тазалап жатқан азаматтардың бірі.Мешіттің іші өте кең. Бірінші қабатында неке қиятын бөлме, ерлер мен әйелдерге арналған дәрет алатын бөлмелер, ас беретін зал және т.б. Ал екінші қабатта қабылдау бөлмесі, киім-кешек ілетін бөлме, 1400 ер адамдарға арналған құлшылық залы. Үшінші қабат 600 адамға арналған әйелдердің ғибадат залы, имамдарға арналған бөлмелер т.б. Сонда барлығы 2000 адамға арналған бұл мешіт, намаз оқитын мұсылмандар үшін зор қуаныш болмақ. Бұл мешіттің құрылысын 2011 жылдың желтоқсан айына дейін, яғни Тәуелсіздіктің 20 жылдығына бітіруді жоспарлап отыр. Қазіргі қарқынына қарағанда Алла бұйыртса пайдалануға берілетін сияқты. Бұл суретте мешіттің жалпы көрінісінің үлгісі. Яғни, Алла бұйыртса мешітіміз осындай болмақ.

Жалпы бұрынғы этнобақтың құбыла жағы толықтай мешітке арналғандай. Себебі, жан-жақтан мешітке көлікпен, жаяу кіретін жолдарда жүзеге асып жатыр. Ал мынау этнобақ ішінде қалған жалғыз кафе, мешітке 250 метр жердей қашықтықта орналасқан. Басқалары қурап кеткен өсімдіктей жоғалып кетіп еді, бұл неліктен бұзылмай сақталып қалғанын білмедік. Мүмкін алдағы уақытта бұғанда кезек келер.Сонымен сөз соңы мұсылман қауымы тәуелсіздік күндері қарсаңында жаңа мешітте сапқа тұрып, маңдайларын сәждеге қоймақ. Алла Тағала ел аман жұрт тынышта осындай қуанышты күндерге жеткізсін. Осы мешіт қаламыздағы мұсылман бауырлардың басын біріктіріп, еліміздің ынтымағын, ауызбіршілігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоссын деген ниетпен түйіндейін.