Қазақ тойдан кенде емес. Аллаға шүкір “бір тойым болатыны сөзсіз менің” деп, бір демалысын тойдың қызығына арнаған халықпыз. Қазақта той-томалақтың түрі неғұрлым көп болса, асабалардың да түрлі-түрлісі болады екен. Жалпы той басқаруда оңай емес. Себебі, той десе қу бас домалайды дегендей тойға әр буынның өкілі, қариясыда, жасыда, балашағасыда келеді. Асабаны үнемі тыңдап отыратындай бұл жер сахналық қойылым, ал тыңдарманы қаз-қатар көрермен болып отырған жоқ. Яғни, “алдыңа ас қойдым, екі қолды бос қойдым” деп, тамақ ішуге негізделген отырыс. Сондықтан, асқазан мен құлақтың ләззатын бірдей қанағаттандыру тағы әсте мүмкін болмай жатады. Дегенмен, бұл алқалы қауымды иіріп-ап құлақ түрілтіп тыңдату, осы асабаның сөздік қорымен дауыс интонациясына байланысты болмақ. Тойға келген жұртты даусымен жалт қарататын, не болмаса тілі күрмеуді шешетіндей орақ тілді асабалар бірден өзіне бағындырып алады. Ал кейбір асабалар ұзақ сонар сөйлеп, не болмаса қарабайыр тілімен елді де жалықтырып, аудиторияныда ұмыт қалдырады. Осындай кезде тәбеті артып, нәпсісі асқазанға түскен тойшыл қауым құлағына құрыш әкеп соқсанда естіместей ырду-дырдуға кетіп қалады. Көбінесе жан-жаққа пышырап кеткен қауымды епті асабалар әдемі әзілдерімен қайтарып алып жатады. Қалай айтсақта тойдың жақсы өтуі осы асабаларға байланысты болмақ. Асабалар үнемі ізденісте болып, сөздік қорына жаңа сөйлемдер, терең мәнді ой тастайтын сөздер, заманауи әзілдер, ғибратты қысқа әңгімелер айтып отырса орынды болар еді. Кейбір қалжың сөздерді ести-ести құлағын жауыр болады. Әйтеуір, сөйлеу керек екен деп ретсіз, қажет емес әзілдерді айтып отыратын асабаларда жетерлік. Өзі санаулы ғана қалған ақ жаулықты әжелерімізбен, ақсақалды аталарымызды алақанға салып мадақтап отырудың орнына, олардың аузындағы тістерімен алысып, иегіндегі сақалдарын келемеждеп, жүрген жүрістерін сөз қылып қай-қайдағыны айтып кететін асаба сымақтарда бар. Бірде бір тойда асабамыз ортаға сөз сөйлеуге шыққан кейуананың аузындағы екі-үш тісін сөз қылып, елді күлдіртемін деп той үстінде бір ағамыздан қатты-қатты зілді ескерту сөздер естіген еді. Сондықтан тілге абай болған дұрыс, сөз атылған оқ сияқты қайтып келмейді.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   Сосын, біздегі тойлардың басым көпшілігі ішімдік ішуге арналған отырыс. Ішімдік ішіп отырған отырыста «басшы» деген болмайды, яғни сөз тыңдалмайды, ескертулер еленбейді, дауыстары, күлкілері басымырақ шығады. Міне, осы кезде тойдың сәні кетіп, мәні қалмайды. Оны өзің сөйлеуге ортаға шыққан кезде жан-жағына қарап байқай аласың. Алдында ғана ғибратты, тағылымды сөздер айтып, құлақтың құрышын қандырып отырған асабамыз мүлдем өзгеріп, енді басқаша «тактика» қолдануға көшеді. Себебі, ішімдік бар жерде рухани әңгіме жүрекке жетпейді. Аудиторияны бағындырып алу үшін ендігі анекдотын «баяғыда екі адам арақ ішіп отырса» деп бастайды. Ол анекдот тек ішімдік ішіп отырғандарға арналғандықтан, екі-үш рет дауыстап оларды өзіне қаратып құлақ қойғызады. Осылайша енді асабамыз солардың көңілінен шығу үшін амалсыз ұсақ-түйек тек ішімдікті насихаттайтын әзілдер айтуға көшеді. Бұндай үрдіс тойларда жиі байқалады. Тіпті кейбір асабалар: « әр нәрсенің өзінің жолы бар, арақтың өтетін жолы өңеш» деп, әдемі әспеттеп, арақты қалай ішіп отыру керектігінде үйретіп қояды. «Шарап деген – білім мен ақылға жау, шараптың шатағы сол – ұрыс пен дау» деп, Жүсіп Баласағұн айтқандай, арақ-шарап бар жердегі отырыс ақыл естен айырар тек айғай-шу болмақ. Мұндай отырысты басқарып отыруда асабаларға оңайға соқпайды. Жалпы ішімдік тек бөтелкеге ғана сыйады басқа ешқайда сыймайтынын өмірдің өзі көрсетуде.  Содан кейінгі мәселе, сөз сөйлеу үрдісі бізде әлі бір жүйеге келмеген. Ортаға он бес адам шықса соның барлығы сөйлеп шығады. Кейде өзара ақылдасып, бір-екеуі ғана сөйлеп жататын кездері болады. Негізінен топ-тобымен шыққасын ішіндегі сөзшең бір-екеуі ғана сөйлегені дұрыс. Себебі, тойда бір сарындағы тілектерді естіпте жалығып кетесін. «Денсаулықтарын мықты болсын! Бақытты болыңдар! Екі жаққа сыйлы болыңдар! Сол үшін алып қойыңдар» деп аяқтайтын тілектерді бірінен кейін бірі қайталап айта береді. Біздің тойшыл қауым «неғұрлым тілек көп айтылса, соғұрлым қабыл болады» немесе «қырықтың бірі қыдыр» деп, сөздің тиегін армансыз ағытады-ай кеп. Осыдан шықса керек «қазақтың тойы жиналыс» деген сөз. Егер тілекті азайтатын болсақ, онда «тойға келіп тұрып тілегімді айтпай қалай кетемін» деп уәж айтатын ағайындарда табылады. Осыған қарап қазақтың тойын жүйеге келтіру, басқа формаға ауыстыру мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Әр адамның өзінің жүрек жарды тілегі бары анық. Қалай десекте қазақтың тойы жиналыс болып қала беретін сияқты.

Тағы бір айтқым келіп отырғаны, кейбір асабалар: «бүгін Алланың бұл жастарды жарылқаған күні, періштелердің құлағы бір күн ашық, мың күн жабық дейді ылайым дәл осы күні періштелердің құлағын ашық қылып, баршаңыздың тілектеріңізді қабыл етсін» деп жатады. Осы бір сөзбен тойшыл қауымды тілек айтуға демеп қоятыны бар. Періштенің құлағы жабық болатынын, бұл асабалар қайдан біліп алғандары белгісіз. Бұл сөзді әуел баста біреу білместіктен айтқан болар. Бірақ, осыны қаншама асабаның бірінен-бірі қайталап жүргенін көресін. Періштелердің қалғымайтынын, ұйықтамайтынын, тамақ ішпейтінін, Жаратушысына бұлжытпай қызмет ететінін білген болса, бұл қателікті екіншісі қайталамаған болар еді. Осыған қарап, біздегі асабалардың басым көпшілігі тек жаттандылықпен жүреме деген ой келеді. Ізденістерінің жоқтығын құдандасқан екі ел туралы бір ауыз сөз айта алмай жатқандарынан-ақ байқап қаласын. Бірақ көпке топырақ шашуға болмас, асабалықтыңда хас шебері бар демекші, үнемі ізденіс үстінде жүретіндеріде баршылық. Ондай асабаларға ісін түскен сәттен-ақ өзіңе хабарласып, тегінді, еліңді, жеріңді, құдаларың туралы ақпарат алады. Осылайша тойыңда өзіңнің шежіренді өзіңе айтып, ел жақсысын өзіңе таныстырып береді. Бұндай асабаны өз көзіммен көргенмін. Бір туысқанымның тойын басқару үшін, біздің ел жөнінде өзімнен кітаптар алып дайындалып келген еді. Сол тойда бір ағам: «бұл асаба Баянауылдікіме? біздің ел, ру жөнінде қайдан біледі?» деп, аң-таң болғантұғын. Менің айтпағым, асабалар – бүгінгінің серілері, ал сері жігітке жеті өнерде аз демекші үнемі ізденісте болып, алатын ақысын маңдай терімен тапқандығы абзал болмақ. Сонымен қатар тойға келген қауым тек ішіп-жеп кетпейтіндей, кешегі сал-серілердей құлаққа қонымды, көкейге сіңімді ой айтып, шымшып алар қалжыңдарының өзінің астарында мәнді сөз жатса нұр үстіне нұр болар еді.