Біздің қазақ: «жазмыштан озмыш жоқ» деп, тағдырға имандай сенген ғой. Біреу дүниеден қайтса, бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылды, сағаты жеткені осы болды, Алланың жазғаны да, -деп бірін-бірі жұбатып жатады. Иә, қу дүниеде ешкім мәңгілік ғұмыр сүрмек емес. Өзекті жанға бір өлім болары анық. Бірақ, туғаның, етене жақының қайтса жай ғана «қош бол», «бақыл бол» деп қоя саларлықтай оңайға соқпайды. Жанына батады, қимайсың. Бірақ дәрменсізсің, көнесің, төзесін, мойынсынасын. Жанашырың құтқарса да жаладан, құтқара алмас моладан – деп халқымыз айтқандай, жақыныңды өлімнен құтқара алмайсың. Құдіреті күшті Раббымыз: «Әркім өлімнің дәмін татады» деді. Алланың жазғанына қайтып қарсы шықпақпыз.

Жуырда ес білгелі «ата» деп өскен немере атамнан айрылдым. Ол кісі бес уақыт намазын қаза қылмай, Алланың бұйырғанын орындап, тыйымдарынан тыйылып жүрген ел ақсақалы еді. Өткен рамазан айында, қадір түндері қарсаңында бұл пәниден мәңгілік мекеніне кете барды. Соншалықты төсек тартып, ауырып қиналғанда жоқ. Жылда үзбей ұстайтын оразасын ұстап, Алланың рахым айының сауабында алып жатқан еді. Дәретін алып, төсекте жатып кәлима шәһәдәтін айтып бірден көз жұмыпты. Алла сүйген құлдарын қиындықсыз әкетеді дегенге иланғандай болдық. Атамыздың екі арманы бар еді: көрген түйгенін хатқа түсіру, сосын қажылыққа бару. Алла ол мақсаттарына жеткізді. Осыдан он жыл бұрын «Арғын Мейрамның шежіресі» -деген атпен сүбелі туындысы жарыққа шықты, 2007 жылы Алланың қалауымен Меккеге барып қажылық парызын өтеді. Сол бір сапарға аттанар сәтте елмен қоштасып, «қажылықта дүниеден қайтсам арманым жоқ» деп еді, бірақ Раббысы елімен қауыштырды. Биылғы айлардың сұлтаны Рамазанда Құдайдан «алсан жанымды осы айда ал» деп, дұға еткен шығар. Осы айда ол кісі көп адаммен қоштасып жүрген екен. Өткенде ауылда ауызашарда менің кішкентай ұлымды сақалынан жасы сорғалап тұрып жылап сүйген еді. Аузында Алласы бар адам бәлкім сезген болар. Тіпті жаназа намазымды сен өзің шығар деп, Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің бас имамы Жолдас қажыға бір барғанда аманат қылған екен. Өкіл имам Атамның жаназасына арнайы келіп: «мұсылманның үш сипаты болса, соның бірі аманатқа қиянат жасамау, Кәрімтай қажы маған аманат еткен еді» деп, Жолдас қажы атамның дін үшін жасаған қызметін, тақуалығын сөз етіп қара жерге табыс етті.

Ауылға барғанда атамызға кіріп амандасып шығу, біз үшін бір үлкен мәртебе еді. Ол кісі қуанышты жүзбен «ботам сол» деп, маңдайымыздан құшырлана сүйетін. Маңдайымыздан сүйетін жалғыз адамда осы кісі. Енді маңдайымыздан ешкім сүймейді деген ой көкейге келсе, денем түршігіп сала береді. Әлі де, атамды көретіндей болып тұрамын. Бірақ амал бар ма, уақыт еншісіне бағынған өмір жалғасын таба бермек. Бала кезден санамызға атамнан артық ешкім ештеңе білмес деген түсінікті қалыптастырып өстік. Иә, шыныменде атамыздан артық білер біздің ауылда ешкім болған емес. Ол кісі ескінің көзін көріп, сөздерін жадына түйіп бар ғұмырын сол ескінің сөзін кейінгі ұрпаққа жеткізуге арнаған адам еді.
Ғалым өлсе, кітапта аты қалар,
Ұста өлсе, темірде таты қалар.
Бүгін бар болғанмен ертең жоқсын,
Жақсының жақсы ісімен аты қалар – дегендей, Баянауыл өңірінде қол таңбасы қалған, елге сыйлы, ел жадыңда сақталатындай тұлға болатын. Сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында Баянауыл орталығынан мешіт ашу үшін, Алматыдағы ҚМДБ арнайы барып, ол жерде сол кездегі муфти Ратбек қажымен кездесіп, осы мәселені түбегейлі шешіп келгенді. Осы секілді ол кісінің ауданның мәдени-өлкетану шараларына үнемі ат салысып отырғанын ел жадынан шығара қоймас. Ол кісі біздің ғана атамыз емес, халықтың адамы еді. Өзің құрмет тұтқан ел жұрты, соңғы сапарында қарақұрым бұқараны құрады. Адамның тірлігінде ел алдыңдағы абыройының үстем болуы осы емеспе.