WordPress.com жабылғаннан кейін шабытта кетіп қалған ба? қалай? Бәлкім, жазғы демалыстың әсері ме? Мұғалімдік қызметтің бір ғажабы студентпен бірге жаз бойы демаласын. Ол кезде блог сайтың түгілі, беріп жүрген сабақтарынды да ұмытып кеткендей боласын. Сондықтан не жазып, неден бастарымды да білмей отырмын. Өткенде ауылда бір досым сериялдарға байланысты, керемет бір ой тастаған еді. Сол досымның сөзінің жаны бар секілді. Енді соны сіздерге өз көзқарасым бойынша жеткізіп көрейін. 

Бұрынғы мексика, аргентина телесериялдарын кейінгі жылдары түрік пен кәріс кинолары алмастырғанын көріп жүрміз. Отандық телеарналар бірімен-бірі жарыса, осы екі елдің телесериялдарын үздіксіз беріп келеді. Ұлттық арнада болып жатқандары тек қазақша. Жә, онда тұрған не бар дерсін. Ал мәселенің мәнісі кәріс, түрік актерлары қазақ тілінде қазақ мақалдарын айтып тұрғандығында болып тұр. Әрине, ол актерлар қазақ мақалдарын қайдан білсін. «Бояушы, бояшы дегенге, сақалын бояйды» – дегендей, өзіміздің аударма мамандарымыз аудармашымыз деп, төл мақалдарымызды өзгенің еншісіне алып беріп жатқан жоқ па деген ой көкейге келеді. Кейінгі жас өскіндер осы кинолар арқылы төл мақалдарымызды өзге ұлттан үйреніп, сол ұлттың мақалы деп жаттап жатпасына кім кепіл. Мысалы: кәрістің бір киносында «баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады» деп мақалдатып аударып қойыпты. Кәрістің тарихи киноларында атты әскерінен көрі, жаяу шұбырып жүрген жауынгерлерін байқаймыз. Осы көріністен-ақ, ол халықтың жылқымен қатынасын байқай беріңіз. Бұл мақалдың түбірі қазақтың тұрмыс-тірлігінің өзі жылқымен байланысты екендігін көрсетпей ме? Яғни, әр ұлттың мақалы, сол ұлттың барлық болмысын ашады емес пе? Бұл бір ғана мысал. Қай киносын көрсеңде қазақ мақалдарын естисің. Бір қарағанда қазақ мақалдары насихатталып жатқандай болып көрінеді. Ал мәселенің екінші жағын қарасан, өзгенің аузынан айтылған сөз өзгенікі болып кетіп жүрмей ме, деген күдік қой біздікі. Мүмкін аудармашылар ол ұлттардың өздеріне ұғынықты сөздерін, біздің қазақ көрермендеріне қазақша мақалмен сіңімді болады деп жеткізіп жатқан шығар. Бәлкім, бір жағынан бұлда дұрыс болар. Ал сіздер қалай ойлайсыздар?