Алғашқы күнгі маршруттан кейін бүгін біршама бейімделгендейміз. Аяқ буындарымыз икемге келіп, «тек қана алға» деп зырылдап отырдық. Жол бастаушымыз лагердің аға күзетшісі Мәди есімді жігіт. Мәди осы жердің тумасы болғандықтан, Қарқаралының көрнекті мәдени-этнографиялық орындарын аралатуға алып шықтық. Топ студенттері бір түсті қызыл футболка мен ақ кепка киген. Қаланың сапырылысқан күйбең тірлігінен кейін, табиғат аясында жүргенге не жетсін! Табиғат аясында жүргенде өзіңді сол табиғаттың бір бөлшегі екеніңді түсінгендей боласың. Әйтпесе, қаланың антропогенді ландшафтық инфраструктасы далалық эстетиканы ұмыттырып жіберетіндей. Бұл төмендегі суретте ҚарМУ-дың оқу-базасынан Қарқаралыға бағыт алып барамыз.               

Бұл Мен…

Мәдидің соңынан еріп, ең алдымен Тоқтар Әубәкіров атындағы саябаққа бардық. Ол жерде тобымызбен суретке түстік.                

                                 Қарқаралыдамыз, Тоқтар атындағы саябақ.  Одан кейін Мәди бізді Халиолла Бекметев көпестің үйі, яғни Абай тоқтаған үйге алып барды.   

Бұл үйдің тарихы сонау ХІХ ғасырмен байланысты. Осы күнде ол «Саз аспаптар мектебі» қызметін атқаруда.   

Мектеп ішіне кірдік. Сол жердің қызметкері Сандуғаш Данайқызы ақ пейілін ақтара студенттерге кеңірек мағлұмат берді. Абай әкесі Құнанбаймен бірге қонған бөлме, осы күнде директордың жұмыс бөлмесі екен. Мектептің бөлмелері кең, әр бөлменің өзіндік ерекшелігі бар.

Сандуғаш апай студенттерге кеңірек мағлұмат беріп тұрған сәті..

Бір бөлмеде саз аспаптарына дайындаса, енді бір бөлме хореографияға арналған.

Құнанбай аға сұлтан 1851 жылы мешіт салғанда, осы үйде тұрақтап отырыпты. Сандуғаш апай біздерге қызықты бір мәлімет айтты: үйдің иесі соншалықты бай болғандықтан бірде бір баймен бәсекеге түсіп, ол адам самауырынды бүрлермен қайнатқанда, ал ол ақшамен қайнатқан екен. Осыдан-ақ, Бекметев көпестің қаншалықты бай болғандығын біле беріңіз. Іші шағын болсада мектепте 150-ге жуық оқушы дайындалады екен. Аз ғана уақытқа кіріп шығамыз деп едік, Сандуғаш апайдың әңгімелері бірталай уақыт кідіруімізге мәжбүр етті. Екі ғасырлық тарихы бар үйдің аурасы кірсе шыққысыз тартымды екен. Студенттер Хакім Абайдың табаны тиген үйге, сол заманның көзімен қарап керемет әсер алғандай болды. Ол қуаныштарын жасырып қала алмай, бір-біріне айтыпта жатты. Содан ендігі бағыт «Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы» болды.Мұражайдың директоры Мейірхан Қасымжанұлы бізді қуанышты жүзбен қарсы алды. Басынан соңына дейін барлығын кеңінен түсіндіріп шықты. Бұл кісі Қарқаралы өңірінде бірталай лауазымды қызметтерді атқарған екен. Кезінде Қ.Аманжолов атындағы ауылда әкім, мектеп директоры қызметін атқарыпты.  Тарихи мағлұматтарды терең түсіндіргеніне қарап, тарихшы болар деп ойласам, мамандығы физик екен.

Біздің эколог студенттеріміз құтты журналистердей, суреткеде түсіріп, диктафонғада жазып жатыр…, Суретте Мейірхан ағай.

Әсіресе, өткен жылы Арман Бейсеновтың экпедициясының Қ.Аманжолов ауыл маңынан тапқан «Алтын адам» мүрдесі туралы өте жақсы ақпарат берді.                            Ауылдың дәл іргесінде орналасқан төбешікті қорым, Сарыарқаның «Алтын адамын» тарту етті.

«Ауыл тұрғындары осы төбешіктің үстінде өрістең қайтқан малдарын қарап, әңгіме-дүкен құрып отыратын, кім ойлаған дәл табанымыздың астында алтын адам жатқанын» деп, ағамыз бір күліп алды.
Осы мұражайды өткен жылы өзіміз аралап шыққанда дәл осындай әсерлі болмаған. Бәлкім ол кезде түсіндірушісіз өз бетімізбен қарағандықтан болар. Ал осы жолғы ағайдың әсерлі баяндап түсіндіруі біздерді өзіне тарта түсті. Сұрақтар қойып, қалаған мәліметімізді алып рухани болмысымызды бір армансыз байытқандай болдық.
Биыл ақиық ақын Қасымның 100 жылдығы. Ақынның жеке үстелі, заттарымен тұр. Кейбір заттарын ақынның қызы Дариға арнайы мұражайға тапсырған екен.

                                          Қасым Амонжоловтың жеке үстелі, өзінің қолтаңбасы қалған заттарымен…Қарқаралы ауданынан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ең тұңғыш контр-адмирал Кенжеберген Қабышұлы Әбікеев шыққан. Екеуінің де балалық қиялдары мақсаттарына жеткізіп, осы күнде елге құрметті азаматтар болып отыр. Суы жоқ жерден шыққан тұңғыш адмирал Кенжебергенмен, ғарыштың биігіне самғаған алғашқы қазақ Тоқтарға арналған арнайы жеке бұрыш бар. Ол жерден өмір жолдары, жанұясы, қызметтегі жетістіктері туралы көп дүние байқауға болады. Қысқасы мұражайдан көненің көзін, ескінің сөзін естіп рухани дүниемізге қажетті ақпарат алғандай болдық.  Кенжеберген Қабышұлын контр-адмирал болуға жетелеген заманауи көлік.Ал ендігі бағытымыз дала композиторы Мәди Бәпиұлы паналаған үңгірге, яғни осы күнде «Шатырлы» деп аталатын үңгірге тарттық. Бұл үңгір Қарқаралы қаласының солтүстік-батысында орналасқан тауда, яғни қаладан қарағанда таудың ұшар басынан анық көрінеді. Күні бойы қала ішінде жүрген біздерге тауға көтерілу бірден қиын болды. Мәди көшімізді бастап, үңгірдің дәл үстіне алып барды.   Мәди Бәпиұлы паналаған үңгірге қарап тұрған, Мәди есімді жігіт…Осылайша, Мәди Бәпиұлы қуғындалғанда пана тұтқан үңгірді көру мүмкіндігіне де ие болдық. Үңгірден Қарқаралы алақандағыдай ап-анық төменнен көрініп тұр. 

Алдыңда ғана мұражайда болғанда, бір керемет майлы бояумен салынған «үңгірден қарағандағы алғашқы қауым адамдарының көзімен» -деген, картина көргенбіз. Ол суретте Қарқаралы қаласының орыны адам аяғы тимеген, иесіз жатқан тың жер сияқты көрініспен бейнеленген. Майлы бояумен салынған, үңгірден қарағандағы иен даладағы болашақ Қарқаралы қаласының орыны…Ал міне сол үңгірден, қазіргі көзқараспен қаланы тамашалап тұрмыз. Керемет әсерлі. Он мыңға жуық адамға мекен болған, қала типті Қарқаралының қазіргі көрінісі Бұл жерде қалағанымызша суретке түстік, біраз отырып салқын көлеңкеде тынығып алғасын төмен қарай жылжыдық. Күн ысып кетті. Шынын айтсақ, лагерге шаршап жеттік. Бүгінгі сапар осымен тәмәм!