Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы туралы ғасырлар бойы алуан түрлі гипотезалар, болжамдар қалыптасты. Ең соңында ғалымдар: «эволюция тірі ағзаның қозғаушы күші» дегенге тоқтам жасады. Эволюция ілімінің негізін қалап, оны ең биік шыңына жеткізген ағылшын ғалымы Ч.Дарвин еді. Дарвиннің “табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығу тегі” деген еңбегі, барлық эволюционер ғалымдардың еңбегіне арқау болғандығы белгілі. Бір түрден екінші түр пайда болды деген қағида, кез-келген түрдің арғы тегін анықтауына түрткі болды. Палеонтолог ғалымдар қазіргі жер бетіндегі түрлердің арғы ата тегін анықтауға құлшына кірісіп, қазба жұмыстарының арқасында табылған қаңқалар, сүйектер арқылы қалайда болсын қорытынды шығаруға әрекет жасады.

Қазіргі биология оқулықтарын ақтарып қарар болсақ, даму теориясын жақтаушылардың қажырлы еңбектері жалған теорияның негізінде, жер бетіндегі барлық тіршіліктің арғы шығу тегін анықтап қойғандығын байқайсын. Солардың бірі орыс ғалымы В.О.Ковалевский тұяқты жануарлардың тарихи дамуын зерттеді. Ол көптеген қазба жұмыстар жүргізіп, жылқылардың қаңқасын, тістерін, аяқтарын тексере келіп жылқы жануарының эволюциялық дамуы жөнінде ең алғашқы мағлұмат берді. Оның айтуынша жер бетіндегі жылқылардың арғы тегі түлкі сияқты кішкентай хайуан болған екен. Қазіргі жылқылардың бойшаң болып кетуі ғасырлар бойы жер бетінде болған климаттық өзгеріске байланысты екен – мыс. Егер климаттық ауытқулар болмаса онда біз “жылқы” деп түлкі сияқты хайуанды атап жүрер ме едік. Ең алғашқы жылқылар орман ішінде қысылып, тар жерде өскендіктен бойлары аласа, алдыңғы аяқтарында 4 башпай, артқы аяқтарында 3 башпай болыпты. Содан ауа райының өзгеруіне байланысты ормандардың көлемі азайып, ашық далалы жерлердің көбеюі жылқылардың ата тегінің тіршілік ортасын өзгерткен екен. Осылайша еркін, ашық далаға шыққан жылқылар жылдамырақ қозғалғандықтан түлкі сияқты жануардан, қазіргі күнгі жылқыға айналған екен (мүмкін запорожец көлігімен қатты жүрсек, бәлкім мерседеске айналып кетер эксперимент жасап көрген адам бар ма екен?). “Әуелде етпен қоректенген жылқылар, кейін ашық далаға шыққасын шөппен қоректенді” – дейді В.О.Каволевский. Бұл мысал маған жылқыдан көрі, сиырға келетін сияқты. Ауылда сиырлардың сүйек тауып алып, кәмпит сорғандай сілекейлері шұбырып тұрып шайнаңдайтының талай көргенбіз. Бұны эволюционер ғалымдар қалай байқамай қалған, әйтпесе олар үшін керемет факті емес пе? Яғни, қазіргі шөп қоректі сиырлардың бұрынғы ата тегінің ет қоректі болғандығын, қазіргі сиырлардың сүйек мұжуымен-ақ дәлелдеуге болар еді.
Ғалымдардың айтуынша, жылқы жануарын ең әуелі қазақтар қолға үйреткен екен. Ата-бабымыз хас тұлпарды 5 жарым мың жыл бұрын пайдалана бастапты. Солтүстік Қазақстан аймағына қарасты ежелгі Ботай қонысынан табылған археологиялық қазбалар жылқы малының о баста осы жерде қолға үйретілгендігін анықтап берді. «Ер қанаты ат» – деген қанатты сөз арқылы ұлттың жалпы мінезін жылқымен байланыстырған дана халқымыздың жылқыға қаншалықты жақын болғандығын айтпасада түсінікті. Жылқы мен қазақ егіз ұғымдай, бірін-бірі толықтырып, тұтастай көшпенділіктің образын қалыптастырды. Тіпті қазақтың ауыз әдебиетіндегі жыр толғауларда, ертегілерде де осы жылқы малы Қабыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Тарланы аталып ұмытылмастай жадымызда сақталып қалды емес пе? Осындай жылқы тұлпарының арғы тегін түлкі тектес хайуанға ұқсатуға қаншалықты дәтін барады. Эволюция ілімін жақтаушылардың ең басты ұстанымы Жаратушыны жоққа шығару болғандықтан, тіршіліктің пайда болып дамуын мынадай ережелермен іске асырды: өздігімен пайда болу, табиғи сұрыпталу, тіршілік үшін күрес, кездейсоқтық, өзгергіштік, бейімделушілік т.б. Яғни, осындай ережелерге сүйенген ғалымдар үшін Құдайдың қажеттілігі болмай қалды. Осының негізінде жалған теориялардың өміршеңдігі артып, ғылыми оқулықтарға бұл болжамдар емін еркін кіре алды. Әліде, ғылымилығы нақтыланбаған бұл болжамдардан тұратын теориялар белді-белді эволюционер ғалымдарының бір ауыздан мақұлдауының нәтижесінде гипотезадан бірден нақты ғылыми тұжырымға ауысты. Кешегі кеңестік атеизмге негізделген қоғамда қалыптасып, ғылыми негіздемесі нақтыланбаған осындай қарабайыр теориялар әліде еліміздің мектеп оқулықтарында еш өзгеріссіз оқытылуда. Алла тағала 18 мың ғаламды ешбір қиындықсыз, мінсіз, көркем түрде жарата білгенде жылқы тектес жануарды дәл осы күйінде жарата алмайды дегенге кім сенер? міндетті түрде бір түр, екінші түрге ауысуы керек пе?. Кейінгі ғалымдардың зерттеулері нәтижесінде қазіргі өмір сүріп жатқан тірі ағзалар мен олардың миллиондаған жыл бұрынғы түрлерінің қаңқасының арасында ешқандай айырмашылық өзгерістің жоқ екендігі анықталды. Тіпті ғалымдар 100 миллион жыл бұрын өмір сүрген құмырсқаның табылған фосилі (таста қалған қаңқасы) мен қазіргі кездегі құмырсқаның арасында ешқандай айырмашылығы жоқ екенін айтады. Сол сияқты миллиондаған жыл бұрын өмір сүрген араның табылған қаңқасыда қазіргі түрінен ешбір өзгешелігі жоқ екен. Бұдан шығатын қорытынды жер бетіндегі барлық тірі ағзалар бір уақытта сол күйінде жаратылған деп, толық сеніммен айтуға болады. Тіпті, Дарвиннің өзі ғұмырының соңына дейін жүргізген қазба жұмыстарынан аралық түрді (бір түрдің, екінші түрге ауысқандағы аралық өзгеріске ұшыраған түрлерді) табалмай, ең соңында ізбасарларына мынадай өсиет айтқан еді: “Егер менің ізбасарларым меннен кейін аралық түрді іздеп табалмаса, онда менің теориямның өлгендігі” деп. Яғни, Ч.Дарвин бұл күнде тірі болса, өз теориясын өзі мойындаудан бас тартар еді. Себебі, осы күнге дейін аралық түр табылған емес, ал В.О.Каволевскийдің тауып алып зерттеп жүрген қаңқалары жер бетінен мүлдем жойылып кеткен жыртқыштардың қаңқасы, не болмаса қазіргі жыртқыш жануарлардың сүйектері болуы мүмкін. Яғни, жылқының арғы ата тегі түлкі сияқты хайуан болуы ешбір қисынға келмейді. Құдіреті күшті Алла Тағала кез-келген жануарды ешбір өзгеріссіз, сол қалпында жаратқандығы шындық. Осы күнге дейін ағылшын ғалымдары қасқырдан итті адам баласы қай кезден бастап қолға үйретіп алғандығын іздеп бас қатыруда. Ал шындығына келсек, Алла Тағала о баста итті ит қылдырып жаратып адамға қызмет етуге міндеттеп қойған. Иттің бар кінәсі қасқырға ұқсас болуында ғана. Яғни, ит уақыт өте келе өзгеріске ұшырап қасқырдан итке айналған жоқ. Сол сияқты жылқыныда Құран Кәрімде айтылғандай адам баласына мініс көлігі, азық ретінде, біздердің игілігіміз үшін жаратып берген. Эволюционер ғалымдарға сенер болсақ, құстардың арғы тегі – жорғалаушылар, ал жорғалаушылардың арғы тегі – балық тектес су жануарлары болмақ. Бұл теорияларға тіпті осы күнде сенетін адамдарда аз шығар деп ойлаймын. Бірақ, соған қарамастан биология оқулықтары «Құдай жоқ» деген ұғыммен жазылған эволюция ілімін насихаттап жатқандығы өкінішті. Төменде осы ғалымның жылқының эволюциялық өзгеруінің филогенетикалық қатармен, сатылай дамуы 11 сыныпқа арналған биология оқулығында жазылуы бойынша берілді. Байқап көріңіз.

В.О.Каволевский жылқылардың даму сатысын, қазіргі жылқылардың шығу эволюциясын зерттегенде берілген атауларды кайнозой заманының үштік кезеңінің ғасыр атымен атады. Жылқыларды аяқтарындағы башпай санының біртіндеп өзгеруі ретіне қарай орналастырды.

1. Фенакодус (палеоценде тіршілік еткен) – 5 башпайлы, үлкендігі түлкідей.
2. Эогиппус (эоценде тіршілік еткен) – биіктігі 30 см, алдыңғы аяқтарында 4 башпай, артқы аяқтарында 3 башпай.
3. Миогиппус (миоценде тіршілік еткен) – ортаңғы башпай өте жақсы жетілген, 2-4 башпайлары қысқа.
4. Мерикгиппус (миоценде тіршілік еткен) – ортаңғы башпайы жерге тиген, 2-4 башпайлары өте қысқа.
5. Гиппарион (плиоценде тіршілік еткен) – бір башпайлы, жанама башпайлары жойылған, тек қалдық ретінде сақталған.
6. Осы заманғы жылқы.