Бұл сұрақ бір ағайдың үйіне барғанда туындады. Сөзден сөз шығып ағамызға: «енді зейнетке шықтыңыз, үйде жатып ғұмырнамалық естелік жазбайсыз ба?», деп ойымды айтып едім. Ұлт десе қаны тулап, бір орында байыз таппайтын ағайым, өзіме ашулы кейіппен: «мен ол естелікті не үшін? кім үшін жазамын? маңайымдағы туыстарымның біреуі кітап оқымайды, балашағам мына «көк жәшікті» қараумен күні өтіп жатыр, бұл көк жәшік бәрін құртып тыныш тапты» деп, ішіндегісін төгіп салды. Үйіндегі сөре толы кітаптарға көзім түсіп, бұл кітаптар кімдерге қалмақ деген ой санама жылт етіп келді. Қазіргі жастар шаң басқан кітап бетін ақтарып жатпай, интернеттен қалаған сұрағымды табамын, – деген түсінікпен өсіп жатыр. Үйге қайтып келе жатырмын, осы бір сұрақ менің мазамды алып кетер емес.

Кеше ғана дүниеден немере атам қайтты, ол кісінің қаншама жыл жинаған кітаптары құшақ-құшақ болып артында аманатсыз қалып кетті. Аманатсыз деп отырған себебім, кітап оқитын артында өрелі жанда қалмады. «Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай, атам марқұм көкірегінде сәулесі бар бір ұрпағым дүниеге келер деген үмітпен кете барды. «Топырағын таппай дән өспес» дегендей, оқырманын таппаған кітапта жетімсіреп қалар бәлкім. Мен университеттерде ғалымсымақтардың өздері шығарған кітаптарын, көрінген студентке күштеп сатқызып алдыртып жатқанын көргенде таңқаламын. Сонда олардың мақсаты кітапты оқырмандарым оқысын деп емес, кітап жазып қомақты ақша қылдырамын деген оймен шығаратындай болып көрінеді. Ал ол шығарған кітабы бірде-бір оқырманымен қауышпай, дәретханаға тура кетіп жатқан шығар. Ол жағына бас қатырмаған жазушымыз «ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген қағидағада лайықты болуғада қақысы жоқ.
Кейінгі кезде ауылдағы қазақтардың қалаға жаппай болмасада, лег-легімен көшуі басталды. Бұрынғыға қарағанда қазақтардың көбейіп келе жатқанын көріп көңілін бір толып қалады. Бірақ бұл жерде де, мәселенің тағы бір шеті қылтиып шыға келеді. Ауылдың қазақы болмысымен келген қазақ жастарын қалалық жат мәдениет өзіне тартып, еліктіріп тұнығынан ажыратып жатқандай. Бұл шындық. Қазір қала жастарының бір-ақ мақсаты бар, ағылшын тілін үйреніп Еуропа, Американы көзімен көріп, сол жақтан білім алу. Алдына осындай мақсат қойған адам қайтып қазақ кітаптарының оқырманы бола алады. Мен Қазақ-түрік лицейінде сабақ бергенде осы сұрақтың жауабын сол кезде-ақ тапқан едім. Ол жердегі білім беру жүйесі көп тілділікке негізделген. Онда қаланың балаларымен бірге, ауылдан небір-небір қаймағы бұзылмаған таза қазақы балалар оқуға түседі. Төменгі сыныпта (онда 7-ші сынып ең төменгі) жүрегімен қазақша тіл қатып жүрген оқушы, он бірінші сыныпта тек тілі ғана қазақша сөйлеп, жүрегіндегі ұлттық құндылықтарға деген махаббаты жоғалғаның байқайсың. Сол жерді бітірген оқушылар Қазақстанның университеттерінде оқудың өзіне намыстанады, тіпті түскеннің өзінде бұл жақтағы оқуын жартылай оқып, аяқсыз тастап шет еліне кете береді. Мен бұл мысал арқылы шет елде оқудың қажеті жоқ деуден аулақпын. Өзге елге оқуға бару үшін ең алдымен әдебиет, мәдениет, тіліңді, дініңді сусындап алып толық қанды ұлт болып барғаныңыз абзал демекпін. Әйтпесе, ол жақтан оқып келіп ұлтыңа бірдеңе беруді былай қой, өзгенің сойылын соғып келуіңде мүмкін. 
Қазіргі ғаламдық жаһандану дәуірінің екпіні тіліңді түбірімен құрдымға кетіруге бейім тұр. Жәнеде бұл үрдіс күшіне еніп, диірмендей салмақты қозғалып үрейіңді ұшырады. Біз сияқты аз ұлттардың тілін құртудың жолдарын әуел баста алпауыт елдер жоспарлап қойған. Тілін құрту үшін ең алдымен «ұлт» деген ұғымды қалыптастыратын салт дәстүр, мәдениет, әдебиеттен кейінгі ұрпақты қол үздіртеді. Ол үшін жастарды өздеріне қызықтыратын неше түрлі амалдар ойлап табуда. Кейінгі қазақ жастарының өз Отанын сүюден гөрі, жат елдің қалаларын көріп сол елдерде мәңгілік тұрсам ба деген армандары пайда болды. Осындай арманы бар жас өскін, ұлтыңның құндылықтарын қайтып бағаламақ. Жоғарыда қозғап өткен ағайымның жан айғайыда, қазақ қазақ болудан қалып барамыз дегенге негізделген. «Мен кейінгі ұрпақтың талғамынан қорқамын, жазған-сызғандарымды кім оқымақ? Тіпті қазіргі қоғам ауыл-шаруашылығы ғылымының атасы, осы саланы қазақ жерінде негізін қалаған ғылым докторы Кәрім Мыңбаевтай тұлғаларды біле бермейді» деп, ауыр күрсінген еді. 
Қазіргі жастардың тіл байлығының төмен болуы көркем шығармаларды оқымауынан деп түйіндесек, еш қателеспеген болармыз. Француз философы, жазушысы Дени Дидро: «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген еді. Шын мәнінде ойлап тұрған дүниені тілмен жеткізе алмайтын ХХІ ғасырға лайықты қоғам қалыптасып үлгерді. «Кітап – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» деген қағида бұл ғасырда тағынан түсіп, виртуальды сайттарға орын берді деп, нық сеніммен айтуымызға тура келіп тұр.

Advertisements