Құлақ қайтып арызданбақ деп отырған боларсыздар. Кейінгі 10-15 жыл ішінде құлақ байғұстар бұрын соңды көрмеген зобалаңды басынан кешіруде. Ғылыми технология жетістіктері құлақтарды аяп қалмады. Соңғы кезде ұялы байланыс телефондардың құлаққа зиян екендігін мамандар жарыса айтуда. Тек сөйлескенде радиация бөлетіндігінен басқа, наушникпен музыка тыңдау құлаққа қаншалықты зиян десеңші. Қазір жастардың құлағындағы наушник құлақтың бір бөлшегіне айналғандай. Заманның бір сәнді үлгісі іспетті құлақтан бір елі ажырамайды. Ал енді құлақтың өздерін сөйлетіп көрейік. Құлақтар арыз шағымын былай бастаған екен: 

«Біз құлақтар, әу баста жаратылысымыз бойынша барлық тіршілік иелерінде есту қызметін атқарамыз. Құлағымыз қызметіне қарай үш бөліктен тұрады. Олар: сыртқы (құлақ қалқаны, сыртқы дыбыс жолы), ортаңғы (дабыл жарғағы, сүйекшелер), ішкі (иірімді өзекшелер). Бізге жағымды дыбыс мөлшері 50 децибел. Ал одан асса бізге зиян болып келеді. Адамзаттың әртүрлі дыбысты құралдар мен көліктер жасауы, қаланы шумен ластануына әкеп соқты. Бұның нәтижесі біздерге орасан қатер төндіруде. Адамдардың көше бойына ағаштар отырғызу арқылы бізге пайдасын тигізіп жатқанын ерекше атап айтуға болады. Сол ағаштар дыбысты әлсіретіп үлкен көмегін көрсетуде. Оғанда шүкір дейміз. Батыстың дамыған елдері құлақтардың мазасызданғанын ескеріп, үйлерінің терезесін дыбыс өткізбейтін пластиктермен алмастырып, үлкен игі іс жасады. Ал бұл жетістік уақыт өте келе біз тұратын елгеде жетті. Басында бұған соншалықты қуанған едік, бірақ кейін қуанышымыз су сепкендей басылды. Біздегі пластик терезе ауыстырғыштар біздің қамымыз үшін емес тек сәндік үшін алмастырып, құлағымызды үйдің ішінде-ақ наушникпен жауып қойып, дүңгір-дүңгір музыкамен азаптауға көшті. Бүйткен дыбыс өткізбейтін терезесі құрысын дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Қазір жастар жаппай музыка тыңдауға әуес. Үйде, түзде, көлік ішіндеде біздің құлақтарға дамыл жоқ. Наушникпен тыңдағанда ең қатты дыбыс зорайтқыш 100 децибелге дейін барады, бұл дегенің тік ұшақтың дыбысына пара-пар. Біз музыкаға қарсы емеспіз. «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар» дегендей, құлағымызға жағатын жағымды әуеннен жақсы әсер аламыз. Бірақ кейінгі кезде жағымды әуенге зар болдық. «Құр айғай бақырған құлаққа әнбе екен?» дегендей, бақырауық, заржақ әуендерден әбден қажыдық. Өте қатты толқынды дыбыстар дабыл жарғағын тоздырып, кішкентай сүйекшелерімізді сындыруға шақ қалды. Бүйте берсе біз иемізден бұрын қартаятын сияқтымыз. Қазір жер бетінде 10 жылдан астам уақыт наушникпен қатты музыка тыңдаған құлақтардың ауруға шалдығуы мәлім болуда. Осы наушникті кім ойлап тапты екен?, тіпті құлағымызға түндеде тыныштық жоқ. Иелеріміз ұйықтау үшін де, музыкамен бізді азаптайды. Өзі ұйқыға кеткенмен бізге ұйқы жоқ, дүңгір-дүңгір музыкадан дабыл жарғағымыз тербеліп селкілдеумен болады. Осы арыз шағымымызды оқыған адамдар мүмкін жағдайымызды ескерер деп үміттенеміз» деп, шағым хатты аяқтаған екен.

PS. Ал сіздің пікіріңіз қалай? Құлағыңызды азаптап жүрсіз бе?