«Ет жесең тісіне кіреді, жемесең түсіне кіреді» деген біздің қазақты еттен бөлек елестету әсте мүмкін емес. Ауыл баласы қазаныңда буырқана қайнаған етпен бірге өскендігі бесенеден белгілі. Бұрын ет мәселесіне бас қатырмаушы едік, осы күні сауда-саттықтың барлығы адамды алдауға көшкендіктен бе, күмәніміз күн сайын артып жатқандай. Кейінгі кезде халал индустриясының қарқынды дамуының нәтижесі, барлығымызға ауқаттанудың өзі мұсылмандыққа сай болу керектігін үйретіп бағуда. Оның өзі түп тамырын қасиетті Құран Кәрімнен алған. Құранның «бақара» сүресінің «173-ші аятында: «Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды…», – деп баян етілген. Олай болса, халал ас ішу, Алланың бұйрығы деп түсінгендігіміз абзал. Батыстың бір ғалымы айтқан екен: «мен сендердің мінездеріңді айтып беремін, егер сендер немен қоректеніп жүргендеріңді айтсаңдар» демекші, қазақ әлімсақтан халал ас ішіп, харамның ауласына бой алдырмаған. Сондықтан, біздің дана халқымыз қаны да, жаны да таза болып, «денсаулық» атты зор байлыққа еш қиянат жасамаған болар. Ал бүгіндері геномодификацияның шарықтаған заманы, адам баласына Алланың бұйырған халал ырзығын жеуді өмірдің өзінің сұранысынан туындатты. Енді жоғарыдағы қозғамақ болған ет мәселесіне тоқталайын.

Ауылдан қысқы соғымның сыбағасынан үлестіріліп тиетін етіміз таусылғанда, ет базарын жағалайтынымыз бар. Бұл етсіз асқа қарай алмайтын ауыл баласының қалыптылық жағдайға айналған бір көрінісінен болар. Осы уақытқа дейін «алтын арба» жабық базарында халал ет сататын бір апайдан ет, фарш алып тұрушы едім. Кейінгі сатып алған фаршым бастың құйқасынан жасалған болып шықты. Бірақ сондада ләм-мим демей, құйқа татысада жеп шықтық. Ең бастысы «халал ғой» деп қоямыз. Бүгін ет алайын деп, тағы да сол жаққа тартып отырдым. Тұрақты сатушыма айналған апайым орнында жоқ екен, ол кісінің қатарында бір жас жігіт ет сатып тұр. Бет әлпетінен мұсылмандықтың нышаны анық байқалған. Содан ет жөнінде аз-маз әңгімелесіп, ол жігіттен халал ет туралы сұрадым. Ол бауырым ол жердегі біраз құпияны жайып салды. Бұл жерде құдайдан қорықпайтын халалдың брендін пайдаланып харам ет сататын адамдарда бар екендігіне құлағдар қылдырды. Әсіресе менің тұрақты сатушы апайымда солардың ең белсендісі болып шықты. Фарштарына шошқа етін араластырып сатады дегенді естігенде төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Сонда мен осы уақытқа дейін үлкен адам ғой, алдамас деп сеніп жүрсем. Ол жігіт айтады: «ауылдан келетін етке еш күмәніміз жоқ, қазақ бісмілләсіз мал бауыздамайды, ал мәселе бұл жаққа жеткесін харам араласады» деп, төбе шашымды тікірейтті. Сол жерде ет сататын өңкей 45-50 жастың ішіндегі қазақ әйелдері қашан көрсен бастары қосылып алып, ауыздары арақтан босамай жүргенің көресін. Өткенде қазақтың маңдайына біткен төл мерекесі «әз-наурыз» күні де, сол әйелдер бастары бірігіп гәккулетіп отырған. «Халал» деген дүңгіршекті айнала орналасып алып, орекенің арағын сілтеп отырған сол бір апайлар халал мен харамды айырып біледі дегенге де сене алмаспын.

Ауылды жердегі астың барлығы адал. Тіпті біреудің үйіне барсаң, мынау етін «халал ма?» деп сұраудың өзі әбестікті былай қой, көргенсіздік болар. Ал мәселенің бәрі қалада ғой. Ал енді өзі ілеуде біреу сататын халал еттің өзінде, осындай келеңсіздік кетіп жатса басқа не айтамыз. Мұсылман баласына сататын затының кемшілігі болса, сол кемшілікті айтып сату парыз екен. Ал жасырып сату ол мұсылмандықты айтпағанда, адамгершілікке жат нәрсе. Халқымыз «адамнан жасырғанды, құдайдан жасыра алмайсын» деп, айтқан жоқ па? Сонда «халал» стандартын иемденіп алып, адамды алдағандарымен құдайды қайтып алдамақ.