Аяқ киім дегенде ең алдымен бәрімізге ауылда әжелердің қонақтан қайтқанда «Әй, менің гәлөшімді кім киіп кеткен?» деп, іздеп жатқаны еске түседі. Жалпы адам баласының ең көп жоғалтатын киімі аяқ киім шығар. Әсіресе мұсылмандар көп жоғалтады. Оның себебі түсінікті болар. Бірнеше мыңдаған адамның аяқ киім шешіп кіретін бірден-бір ғимараты жер бетінде тек мешіт қана. Ал шіркеулерде керсінше аяқ киім емес, бас киім шешіледі. Аяқ киім жоғалту меніңде басымнан өткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын мешітке қадір түніне барғанда аяқ киімнен айрылып, бір досым жазғы туфлиін әкеп беріп қыс ішінде соны киіп қайтқан едім. Енді бір танысым олда қадір түнінде 41-ші размерлі аяқ киімін таппай, оның орнына 43-ші размерлі аяқ киім киіп қайтқан. Екеумізде содан кейін мешітке барып іздеу салмадық. Мүмкін біреу қателесіп киіп кетіп, мешітке ескерткен шығар. Ал мешітте халықтың көптігінен ондай-ондай жағдайлар орын алуы заңдылық. Біреу көзі көрмегендіктен, ал біреу шатастырып киіп кетуі әбден мүмкін ғой. Ал қазір кейбіреулер қадір түніне, жұма намазына барсам аяқ киімімді жоғалтып аламын деп, бармай жүргендер де бар. Ал енді мына суретті байқап отырсыздар, ұлтарағында (картон) телефон номері жазылған. Өткенде бір үйде болғанда көріп, суретке түсіріп алдым. Иесі үлкен кісі. Неліктен жазғанын сұрап едім, ол кісі өзі шатастырып біреудің аяқ киімін киіп кететінін айтты. Бірде шатасып киіп кеткенде, аяқ киімдегі кантакт арқылы қоңырау шалып, аяқ киімдері иелерін тауып пайдаға жараған екен.

Қалай десекте, кез-келген затыңа телефон номеріңді жазып қойсаң одан зиян шекпесін анық. Ауылды жерде мал жоғатқандар еңі арқылы іздеп жатады ғой, сол сияқты аяқ киімге телефон номерін жазып қою күлкілі болғанымен, иесін табуға көмегі тиер деп ойлаймын. Бала кезден мына бір жағдай еске түсіп отыр. Төменгі сыныпта мектеп-интернатта оқып жүргенде трико, шалбардың қалтасында (ішкі) аты-жөніміз жазылып тұратын. Интернатта бала көп, оның үстіне ол кезде қазіргідей бірнеше түрлі киім жоқ, барлық балалар инкубатор болып біртүрлі (однотонные) киімдер киіп жүретін. Ол кездегі киімде сапалы еді. Менің есімім Ернар болғанмен, трикомның қалтасында Қуаныш деген жазу болатын. Ол менің ең үлкен ағамның есімі, яғни бұл триконы сол ағам киген деген сөз. Ал мен үйде ұлдың кенжесі төртіншісімін. Демек, менің алдымда тағы екі ағамда киген болып шығады. Ал қазіргі киімдер мұндай эстафетаға жарамайды. Ол кез әкесінің қаншама жыл киген аяқ киімін, өскенде баласы киетін замантұғын. Сонымен сөз соңы, аяқ киіміңізге ең салып қойыңыз, әрине егер бағалы қымбаттау болса. Әйтпесе Бауыржан шоуда: «Итальянский аяқ киімді кигенде рахаттанасың, ал Қытайдың аяқ киімін шешкенде рахаттанасың» дегендей, Қытайдікі жоғалса е, қойшы дегенен басқа амал жоқ. Кейбіреулер бір заты жоғалса «садақа» дейді, ол дұрыс емес, ішің күйіп таппай қиналып іздегенің садақа болмайды, шын көңілмен бергенің ғана садақа болмақ.