Қазақтың даласы – ұшы қиыры жоқ кең байтақ дерсін! Өткен он күнім елді-мекендерді аралаумен өтті. Иә, адам еріккеннен қаладан шығып даланы кезбеген болар. ҚарМУ-дың биология-география факультеті атынан өзімізбен-өзіміз болып, алғашқы рет профориентациялық сапармен мектеп араладық. Талапкерлерді талаптанып іздеуге тура келді. Болашағы бұлыңғыр, «қайда барам? қандай оқуды таңдаймын?» деп отырған мектеп бітірушінің санасында сан сұрақ. Біз барған мектептердің қайсысына болсын небір-небір жоғарғы оқу орындары мен колледждің адамдары келіп үгіт насихатын жүргізіп кеткен екен. Соңғысы болып барған біз сияқтымыз. Біз негізінен «бізге оқуға түс» деп емес, Сұлтанмахмұтша айтсақ «біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей болдық. Қалай десекте, мемлекеттік оқу орындарының жылдық оқу ақысы өте жоғары. Ауылдағы қарапайым қазақ отбасы баласын қайтып оқытпақ. Амандығының өзі «мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасатын қазақтың бар сенері азын-аулақ малы. Ет қымбаттаса қуанатында солар. Енді қайтсын статистика бойынша барлығы жұмыспен қамтылсада, үкіметтен алып отырған ақшасы жоқ. Ақша беретін үкіметі қорасындағы малы.

Соңғы сапарымыз Қарқаралы-Егіндібұлақ бағытында болды. Көлікте үш адамбыз. Мектептер құшақ жая қарсы алады, қайда барсаң басшысынан бастап ҚарМУ-дың түлектері. Арамыздағы ақсақал мектеп басшысымен ең алдымен шежіре ақтарысады, содан кейін оқушылармен кездесеміз. Қазақ балаларының мамандық таңдауы өте құбылмалы, оны университетте оқу процесі кезінде студенттерден сұрастырғанда білесін. «Мен негізі анаған түсем деп келе жатып, мынаған түсіп кеттім» деген әңгімелерді көп естисің. Көптеген мектептің бітірушілері 100 пайыз ҰБТ қатыспайды. Оның себебі, тағыда сол статистикалық жарыстан туындаған. Нашар оқитын бітіруші ҰБТ қатысып межелі балл жинай алмаса, оқытушыдан бастап директорға дейін жағдайлары мүшкіл болмақ. Бітірушілердің нашар тапсыруынан талай директорлар жылы орынынан аластатылыпты. Сол себепті, нашар оқитын оқушыны барлығы жабылып жүріп «айналайын күнім-жаным» деп еркелетіп алып, базарлық ретінде аттестатына «4-5» деген бағаларын қойып беріп, ҰБТ қатыспайтын қылдырады. Әйтпесе, ол бала мектептің абыройын айрандай қылмақ. Міне осындай науқаншылықта бар.

Содан Қаздауысты Қазыбек еліндеміз. Қарқаралы ауданының құрамына кірген бұрынғы Егіндібұлақ ауданы Қарағанды облысының қиыр шығысын қамтиды. Тәттімбет пен Мәди Бәпи ауылдарының жолдары күрделі жөңдеу көрмегелі қай заман десеңші! Жүрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегендей, шұңқырлы жолдардың тізбегі. Бұл жолдар көліктің сүйектерін шықырлатып, буындарын босатты. Бір мезетте глушителіміз тесіліп, дауысы гүрілдеп әрі қарай сапарымызды жалғастырдық. Төмендегі суретте глушителді сыммен өз әдісімізге салып бұрап жатқан кезіміз.

Ал мына сурет Тәттімбет ауылынан Егіндібұлаққа жеткен кез. «Сенген қойым сен болсаң» дегендей, сыммен байлап қойған глушителіміз түсіп қалыпты.

Ал мынау алдымызда көрініп тұрған Мәди ауылы. Ауылдың артындағы тау – әйгілі Үшқара тауы. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сеннен бұлт, менен қайғы тарқамады. Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай, Мен Мәди қуғын көрген Арқадағы», – деп шырқап өткен сазгер, сері ақын Мәди Бәпиұлының туған жері.

Мәди ауылының шағын мектебінің көрнекіліктері көздің жауын алады. Мектептің іші тұнып тұрған ғибратты, қазыналы сөздер. Қазақтың маржан сөздерінен бастап, пайғамбардың хадистерінеде орын табылған.

Ал мына балалар сабаққа ерте келіп, дойбының қызығына түскен.

Қазыбек би, Тәттімбет, Мәдилерді дүниеге әкелген Егіндібұлақ өңірінің аудан статусынан айрылуы, халқына ауырпалықты үйіп-төгіп берген-ақ екен. Мәди ауылы аудан орталығы Қарқаралыдан 200 шақырым қашықтықта, халқы бір құжат үшін сол жаққа барып сандалмақ. Мұндай мысалды Семейдің облыс статусынан айрылғанынан баршамыз білеміз. Қазақтың мақтанышы Абайды дүниеге әкелген Семей рухани орталығының қазіргі қал ахуалы бұрынғы облыс болған кезден жақсы деп айта алмаспыз. Иә, осылайша бұл өңірге арналған үш күндік сапарымыз аяқталды. Бірталай мектептерде болып бітірушілермен жүздестік. Сол бір жастардың жылт еткен көздерінен «қалаға барып білім аламын» деген армандарын анық көргендей боласың.