Бұл гранит тас Баянауылдың орталық көшесінде Қ.Сатпаев атындағы мұражайға қарама-қарсы шағын паркте тұр. Мектепте оқып жүргенде осы тасты көру, барлық баланың арманы болатын. Ол кезде көшеден тыс жолдың шетінде жататын. Ұмытпасам бұл тас шағын қоршаудың ішінде, ал сыртында «Қажымұқан көтерген тас» деген жазуы болатын. Күш атасы Қажымұқанның саусақ таңбасы мен маңдай тері тамған осы бір тас Баянаула жұртшылығы үшін өте құнды. Келген кеткендер суретке де түсіп жатады. Мен осы суретті жуырда 10-11 күндері ҚарМУ-дан профориентациялық жұмыс бойынша Бұқар Жырау – Баянауыл аудандарына барғанда арнайы түсіріп алдым. Өзіммен бірге барған әріптестерім мені біраз келемеждеп те алды, «өзің тұратын Баянауылға жаңа ғана келгендей көрінген жерді суретке түсіре бересін» деп. Шынымды айтсам сол әріптестерім осы тасты не үшін түсіріп жүргенімді де түсінген жоқ, ал мен бұл мәліметті оқырмандарым сіздер үшін ұсынбақ болған едім. Тасты көріп тұрғандарыңыздай еңселі биік, ал салмағы тоннаға жуық. Осындай тасты Қажымұқан не үшін көтерген? Қалай болған деп ойлап отырған боларсыздар? Бұл тасты балуан атамыз Баянауылдық досы Субек ұстаға тарту еткен екен. Ол былай болған:

Субек ұста Баянауылға танымал ұста болған деседі. Осы өңірде ағаштан түйін түйіп, шеберлігімен әйгілі болған екен. Қажымұқанның Баян өңіріне бұл жолғы келуінің себебі, 1920 жылы 26 тамызда құрылған Қазақ Автономиялық Республикасының бір жылдық даталы мерекесіне орайластырылған үлкен тойдың өтуіне байланысты болса керек. Той өткізу комиссиясының төрағасы Қаныш Сәтбаевтың арнайы шақыруымен келген Қажекең Субек ұстаның үйіне түседі. Ұста ардақты балуанның күтімін асырып, ойын көрсеткенде қолданатын темір құралдарында дайындап отырған. Қажекең халық алдына шығып, кеудесіне көлденең салған тасты Субекке ұрғызып сындыртқан. Осы оқиғаны көзімен көрген Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің “Қажымұқан” атты поэмасы 2002 жылы тұңғыш рет жас ғалым Ертай Жүсіповтің әзірлеуімен павлодарлық “Сарыарқа самалы” газетінде жарық көрген. Осындағы жыр жолдарында:
…Шалқасынан жатты да, төсеп төсті,
Кеудесіне қойдырды үш пұт тасты.
Пұт жарымдай бар шығар екі балға,
Ақботаш, Субек ұста қандай күшті.
Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс ұрды,
Жұрт қорқып : «Өліп кетер» – деумен тұрды.
Өзінің жаны бар ма, жоқ па? – десті,
Бит шаққандай көрмеді, қырау құрлы.
Балуанның өнеріне тәнті болған Ақкелін, Далба елі екі үйір жылқы сыйға береді. Қажекең аттанарда Субек досына: “Олжамның жартысын ал, оны қаламасаң өнеріммен жинаған мына сөлкебайларымнан (медаль) таңдағаныңды берейін” – дейді. Бірақ, Субек ұстаның қалауы басқаша екен: “Қажеке мал соқса желдікі, айдаса жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Анау таудан көтеріп бір үлкен тас әкеліп, осында орнатып кетіңіз, қайратыңыздың куәсі болсын, достығымыздың мұраты болсын” – дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан есік алдындағы таудан осы тасты көтеріп әкеліп үйінің іргесіне қойып беріпті.

Әлемнің 28 елінде күш сынасып, 56 медальді кеудесіне таққан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына биыл 140 жыл толды. Қазақтың маңдайына біткен балуан атамыз 70 жастан асқанша ел алдында өнерін көрсетіп, халықтың көзайымына айналды. Белгілі жазушы Сәбит Мұқановтың дерегінде былай деп келтіріледі: «Қажымұқанның мықтылығын Омбы циркінде көрдім. Теміржол рельсін түрегеп тұрған қалпында иығына теңдей артып, екі басына он-оннан жиырма кісі мінгізгенде, рельстің екі жағы майысып, иілген бастары жерге тиді. Жуандығы білектей жұмыр темірді беліне орап, қайта жазды. Шалқасынан жатып, төсіне жалпақ қалың тақтайды көпір ғып төседі де, екі қолымен екі тізесін көпір қып, «көпір» арқылы пар атқа жегілген әрқайсысында 100 пұттан екі-үш арба өткізді». Жазушы Әди Шәріповтың айтуынша Қажымұқан атамыздың бойының биіктігі – 1метр, 96 см, ал салмағы 130 кг болған екен.

Қажымұқан атамыз 1944 жылы қартайған шағында жылдар бойы тапқан табысына ұшақ жасатып, фашистермен соғысуға да өз үлесін қосқан. Сол ұшақпен қазақ ұшқышы ұшып сан мәрте жауға соққы береді. Ұшақтың бір бүйірінде «Амангелді Иманов», ал екінші бүйірінде «Қажымұқан Мұңайтпасов» деген жазуы болған. Қазақта «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Бұл Баянауыл халқына тарту болған тас, Қажымұқан атамыздың күшін, ал Субек ұстаның даналығын көрсетіп тұр емес пе? Баянауыл басындағы қаптаған тастың ішінде осы тастың қадірі, күш атасының қол таңбасының қалуымен артпақ.