Жазғытұрым уақыты, барлық тіршілік жанданып табиғат мейлінше әсемдене түскен. Қыбырлаған жәндіктің өзі нәпәқа табу қамымен тірлік жасауда. Енді мен мына бір оқиғаны айта кетейін. Бұл оқиғаны «кездейсоқ болды» деп қабылдай алмаспын. Ол кезде ағамның жер үйінде тұрамыз. Үйленіп, әке бақытын сезініп жатқан кез. Жұмыстан келе сала сәбиді айналшақтап, соны қызықтаумен боласын. Біздің бөлмеге терезенің жақтауынан ба, еденнен бе, әйтеуір күндіз құмырсқалар кіріп кететін. Баланы шағып алар –деп, жұбайым екеумізде көзге көрінгенін өлтіріп тастайтынбыз. Ал мен осы кезде Құран Кәрімді (қазақша) алғашқы рет қолыма алып, толық оқып шығуды бастағанмын. Содан бір күні ойланып, бұларда Алланың жаратқан мақұлығы ғой «енді құмырсқа өлтірмейік» – деп жұбайым екеуміз бір-бірімізге уәде бердік. Сонымен қатар қасиетті Құранның 27-ші сүресі «Нәмл», яғни «құмырсқалар» сүресі деп, аталады екен. Құраннан ойып тұрып бір сүрені иемденген бұл тіршілік иесі тегін болмас деген ойда келді. Сол күні келіншегім бала емізіп отырып, бір құмырсқаны ұстап алып ерінбей далаға қоя берді. Ал енді таңертенгі уақыттағы көрініс бізді таңқалдырды.

Таңертен ұйқыдан тұрсақ, бөлмеде құмырсқалардың колониясы жүр. Бұрын сонды дәл мұндай көп құмырсқалар кірмеген еді. Бір қызығы тек бір жолмен ғана жүріп, үстелдің үстіне дейін шығып, ерсілі-қарсылы лек-легімен қозғалуда. Мәссаған! Енді не істейміз. Кеше ғана Алланың атымен «енді өлтірмейміз» деп, уәде бердік. Алла тағала өз құлдарын көтере алатын деңгейде сынайды дейді. Біз мұны Алланың сынағы деп бірден ұқтық. Мысалы: пайғамбарларға, әулие-әмбиелерге, ғұламаларға өз дәрежесіне қарай сынақтар берген. Ал біз кімбіз? Бізді Алла тағала осындай жеңіл сынақпен сынамақ болды деп ойладық. Ең ауыр сынақты басынан кешірген пайғамбардың бірі Ибраһим (а.с.) еді. Алла тағала «ұлыңды құрбандыққа шал» – деп сынаққа алды емес пе? Оның жанында құмырсқаларды өлтірмей сабыр ету әлде қайда жеңіл болмақ. Содан қызығын айтайын біз сынақтан дұрыс өттік қой деймін, құмырсқалар келген жолымен біреуі қалмай бәріде шығып кетті. Одан кейін бөлмеге құмырсқада жоламады.  Сол бір сынақ бізді ойландырып, иманымызды арттыруға үлкен себеп болды.