Марқұм әжем күн күркіреп, найзағай жарқылдағанынан қорқып «астапыралла, астапыралла» деп Алланы еске алып, кәлимәсін айтып отыратын еді. Бұл сөздің мағынасын ол кезде білмейтін едік, сөйтсек бұл арабтың «астағфируллах», яғни «Алладан кешірім сұраймын» деген сөзі екен. Сонда әжеміз не үшін кешірім сұрады деген сұрақ менің көкейімде қалғантұғын? Аспанда қара бұлт пайда болса, бізді дереу үйге кіргізіп, терезенің пердесін жаптыртатын. Бірақ сол кезде балалықпен қатты дауыс болғандықтан қорқатын шығар деп ойлайтынмын. Үйдің үлкені әжеміз қорыққан соң үйдегі ағаларымнан бастап бәріміз қорқатынбыз. Бес уақыт намазын қаза қылмай, шариғатты терең білетін әжемнің не себепті қорқатынын көпке дейін түсінбейтінмін. Сөйсем әжемнің қорқуының өзі тақуалығынан екен. Оны мен кейін құран кәрімді қолға алып, пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерін оқып, шариғат туралы біле бастағанда бірақ білдім. Адамзаттың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзіде қорыққан екен, мына төмендегі хадис соның дәлелі.

Айша анамыздың (р.а.) жеткізген бір хадисінде «Ауа райы демде құбылып, жел соға бастаған кезде, Алланың Елшісінің реңі өзгеріп, бір орында байыз таппай ерсілі-қарсылы адымдап, үйге бір кіріп, бір шығыпты. Айша анамыз: «Уа, Алланың елшісі, жұрт күн бұлттанғанда жаңбыр жауар ма екен деп үміттеніп қуанушы еді, алайда сіздің қобалжығаныңызды жүзіңізден байқаймын. Бұның себебі неде?» – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Айша! Ол бұлтта азаптың жоқ екеніне кім кепілдік бере алады? Алайда ертедегі бір халық осы желмен азапқа душар болғанды. Ол қауым азап келместен бұрын, «Бұл жел бізге жаңбыр әкеледі» деген болатын», – дейді. Рақым пайғамбарының бұл халі Алланың адамдарға жіберетін азабынан қорыққандығынан еді.

Бала кезден мына бір жағдай есімде қалыпты. Бір күні үйдегі бәріміз жидек (бүлдірген) теруге шықтық. Тау-тауды, сай-сайды аралап жидектің қызығында жүрміз. Осы кезде жауын құйып, күн күркіреп, үстіміз малмандай су болып үйге қайтқанбыз. Үйге келсек әжемнің өңі қуарып кеткен, «қара бұлт арасынан күн екеу болып көрінді» – деп үрейі ұшып отыр екен. Біз балғын өмірдің балын татып жүргенде, әжеміз сол кездің өзінде «қиямет келіп қалады» деп қорқып жүрген ғой. Әжем тіпті дүниеден өтетінін де алдын-ала сезіп, ағайын туыстарын аралап қоштасыпта шығып еді. Ол кісінің иманы күшті болатын, теледидардан шошқаны көрсетсе бетін басып «әкет, сөндір ананы» – дейтін. Ал енді қуыршақ ойыншықты үйге мүлдем алғызбайтын. Әжеміздің жайнамазы үлкен, кең болатын қасына қатарласып бірге оқып қимылдарын қайталайтынбыз. Сол жайнамаз осы күнде естелік болып біздерге қалды. Ауылда ағамның ең құнды дүниесінің бірі де осы – жайнамаз. Аллаға шүкір! Дәулет ағам сол жайнамазға маңдайын сәждеге тигізіп жүр. Жазда әжемізді еске алып, екеуміз осы үлкен кең жайнамазда жамағат құраймыз.

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үрей әкелген, марқұм әжемді де бейжай қалдырмаған қара бұлтты найзағай ойнаған аспаннан біз не күтіп жүрміз? Мүмкін осы бір үрейлі дауыста бізге ой саларлықтай ма? Алла баршамызды апаттан, азаптан сақтасын.