Мына суретте алыстан көрініп тұрған біздің ауыл. Баянауыл ауданынан бірталай елге танымал тұлғалар шыққандығы баршаға мәлім. Көптеген ауылдарымыздың атауы өз топырағынан шыққан тұлғалардың атымен аталады. Атап айтар болсақ: Қ.Сатпаев, Ж.Аймауытов, Бұхар Жырау, С.Торайғыров, Ж.Шанин, З.Шашкин, Жаяу Мұса ауылы. Ал кейбір ауылдарымыз қазақша атауымен аталады. Ал біздің 1 май ауылы неліктен өзгертілмей қалғандығына тоқталайын. Қазіргі 1 май ауылы 1937 жылға дейін ақша руының бірінші биі Жарылғап ауылы аталған екен. Осы жылдары елімізде болған «ақтандақтар науқаны» кезінде ұлтқа қатысты дүниелердің барлығы өзгеріске ұшырағанын белгілі. 1937 жылы Жарылғап атауы өзгертіліп, Белағаш колхозы болып құрылды. Яғни, бұл атауға келсек өзгенікі емес, өз тілімізде айтылып тұр. Енді осы Белағаш атауынан қалай айрылдық? осыны баяндай кетейін.

Қазақтың басынан небір зобалаң өткендігін тарихымыз арқылы білеміз. Қолдан жасалған ашаршылықты бастан кешкен халықтың бірі де біздің халық. Осындай ашаршылықтың бірі 1930-1932 жылдары орын алды. Осы кезде жер-жердегі қазақ ауылдары жаппай көшіп, тіршілік үшін арпалысты. Бұл кездердегі нәубетті біздің өңірде басынан кешірді. Ауылда тұратын бір атадан тарайтын ағайын жұрт (Қаржас ішіндегі Ақша-Жиналы атаның балалары) Омбы, Павлодар, Қарағанды аймақтарына үйлерін дүниесімен тастап қоныс аударған екен. Осы кезде Кейкі атамда Омбы жеріне көшіп барған. Бос қалған иесіз ауылға қазіргі Ж.Аймауытов атындағы ауылға қарайтын 19-шы ауылдың халқы келіп (қозған руы) қоныстаныпты. 1935 жылы аталарымыз елге қайтып ауылдарына келсе, өзге адамдар тұрып жатқанын көреді. Содан барлық кеткен ағайын туысты жинастырып өз үйлерін қайтарып алыпты. Бұлда оңайға соқпай, біраз түсініспеушілікте орын алыпты. Әйтеуір ата-қоныс болғасын қалай болсын қайтарып алған ғой. Ал ауылымызға келіп қоныстанып алған жұрт, біздің ауылдың оңтүстік-батысында орналасқан Едіге ауылына барған екен. Ол ауылдың көп үйі сол кезде бос қалса керек. Жаңадан келген қоныс қылушылар Белағаш ауылынан (яғни, біздің ауылдан) келгендіктен, ол жердегілер халықты «Белағаштықтар» деп атаған екен. Кейін айта-айта ол ауыл (Едіге ауылы) Белағаш болып, ал біздің ауыл халқы жан-жақтан қайтып келіп құралғандықтан «Құрама колхозы» аталыпты. 1944 жылға дейін Құрама колхозы деп аталып, осы жылы жазғытұрым егін салғанда ауылымыз 1 май күні аудан бойынша бірінші бітіреді. Осы себепті ауылдың атауын «1 май» деп өзгерткен, – дейді немере атам Кәрімтай. Айтпақшы, ауыл атауы 1 май мерекесіне қатысы жоқ сияқты. Ал қазіргі күнде тарихи атауы болған Белағашты қайтара алмадық, себебі бұрынғы Едіге ауылы Белағаш болып осы күнде аталады. Ал енді одан бұрынғы болған «Жарылғап би ауылы» деп өзгертуге мүмкіншілік бар. Ауылымыздың атауын өзгертуге берілген өтініштің кеткеніне бірталай уақыттың жүзі болды. Өткен 2009 жылғы халық санағына байланысты өзгерту кейінге қалдырылған еді. Ал енді одан бері 2 жыл өтседе нәтиже болмай жатыр. Оның үстіне жуырда елді мекендерге кісі есімін беруге мораторий жарияланды. Қазіргі күнде елді мекендерді кісі есімімен атауды бірі қолдап, бірі қарсы болып қызу талқыға түсіп жатыр.  Бұл мәселенің соңы қалай шешілетінің алдағы уақыт көрсетер. Егер бұл мораторий күшіне еніп кісі есімін беру мүлдем тыйылатын болса, онда “Жарылғап би ауылы” деген атауда бұйырмайтын сияқты. Бірақ дегенменде алдағы уақыттарда ауылымыз «Жарылғап би» аталмақшы деп үміттеніп жүрміз. Алла соған жеткізсін.