Көктем, күз мезгілдерінде елді мекендер мен қалаларымызда сенбілік тазалық жұмыстары белсенді атқарылады. Бұл күні көше, аула тазалықтары нәтижесінде ағаш діңдері әктеліп, күл-қоқыстар шығарылып, ағаш жапырақтары да өртенеді. Ал енді осы ағаш жапырақтарын өртеп көзін құрту қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Табиғат аясында өсіп тұрған орман-тоғайлардың жапырағы жиналмай-ақ тіршілігін жалғастырып жатқан жоқ па? Олар жерге түскен жапырақтарынан пайда алмаса, ешқашан зиян шеккен емес. Сонда біздер ағаштың өзіне зиян келтірмейтін жапырақты не үшін өртедік? Біз тек ағаштың қамы үшін емес, өз ақылымызға салып, қаланың, көшенің эстетикалық талабын орындаған болдық. Ал адам баласы жерге түскен жапырақтарды жинап, өртеп үлкен қателік жасап жатқанын білер ме екен? Жапырақ органикалық зат болғандықтан, оны ыдыратып сол ағаштың өзіне қорек дайындаушы бактерияның қызметіне біз неге араластық? Біздің міндетіміз өзіміз ластаған қоқыстарды (шөлмектер, әртүрлі қағаздар, шыны, пластмасса, полителинді заттар т.б. ) жинау еді. 

Егер ағашқа тіл бітіп адам баласымен сөйлесетін болса, журналистер бірімен бірі жарысып жүріп интервью алатын еді. Қаладағы ағаштың алғашқы адамнан өтініп талап ететіні «менің жерге түскен жапырақтарымды жинап өртемеңдерші» деп айтушы еді. Оның себебі, ағаш тамыры арқылы топырақтан алған минералды заттарының 80 пайызға жуығын жапырағына береді екен. Енді ол жапырақтар күз келгенде жерге түседі. Яғни, құрамы минералды затқа бай. Жерге түскен жапырақтарды бактериялар ыдыратып, қара шіріндіге айналдырып, ағаштың қайтадан тұтынуына дайындап береді. Осылайша жапырақ құрамындағы минералды заттар үнемі айналысқа түсіп тұрады. Ал адамдар жапырақты жинап алып, өртеп көзін құртады. Сонда біздер былайша айтқанда ағаштың витаминдерін тартып алады екенбіз. Қалада өсетін ағаштар, далада өсетіндерге қарағанда аурушан болатынын ғалымдар айтып-ақ жатыр. Оның себебі, минералды қоректен жұтап қалғандығында.

Сонымен қатар жапырақпен қоса, қаншама қоқысты өртеп, ауаны ластап жатқандығымызды естен шығардық. Ормандардағы қалың болып түскен жапырақтар орман төсенішіне айналып, ағаштың тамырын қысты күні қатты аяздан қатпауына да көмектесетінін біріміз білсек, біріміз білмеспіз. Егер біз ағашқа шынымен-ақ жанымыз ашыса, жапырағын жинап алып түбіне көміп тастағанымыз дұрыс болатын еді. Әрі өзіне қажетті пайдалы заттардан жұтатпаймыз, сонымен қатар көше тазалығы да орындалады. Ең пайдалысы ағаштың түбін қопсытып, жаздың ыстық күндері суарып отырса үлкен сауапты іс болар еді.