Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары… Еліміздің сауда-саттығында үлкен өзгеріс болғандығы бәрімізге мәлім. Бұрын-сонды құлақ естіп, көз көрмеген талай дүниелерді көріп, таңғалғанымыз үстіне таңғалдық. Ең алғашқы шетелдік автокөлікті көрген кезіміз, әсіресе «джип» көлігін көргенде бұрынғы көріп жүрген нива, уаз көліктері көзге оғаштау көрінді емес пе? Ал енді неше түрлі тәтті-мәтті, киім-кешекті көргенде қандай әсерге бөлендік десеңші! Қазіргі балаларды ештеңеге таңғалдыралмайтын болсақ, біз күнде бір нәрсеге таңқалып жүруші едік. Енді мен өз басымнан өткен алғашқы шоколад жеу хикаясын айта кетейін.

Ол кезде Баянауылда мектеп-интернатта, ұмытпасам 7 сыныпта оқитынмын. Елдің аузынан «сникерсті» жегенде, жемегенде арманда деген сөздер белең алды. Өз басым сникерсті жемек түгілі көргенде емеспін. Жегендердің айтуынша енді керемет әсерлі ләззат алады екенсің. Содан жатсақ-тұрсақ сникерс жеу арманға айналды. Сыныптас достар: Асқар, Саябек үшеуміз сникерс сатып алудың жоспарын құрдық. Себебі, ол кездері кез-келген дүкенде сатылмайтын, арнайы «коммерсант» деген саудагерлердің дүкендеріне баруың керек. Ондай дүкендер енді ғана пайда болып жатқан кез. Содан сәті түсіп, ақша бірігіп (жегендерден қанша тұратынын, қай дүкенде сатылатынын сұрап алғанбыз), елден жасырынып тартып отырдық. Білгіштердің нұсқауы бойынша үйдің бұрышынан кіретін дүкенге кірдік. Витринада тұрған қызылды-жасылды заттарды көріп есіміз шықты. Өмірімізде «мишка косолапый» мен «грильяждан» басқа конфеттің төресін көрмеген біздер үшін, түрлі шоколадтар көзіміздің жауын алды. Арамыздағы Саябек қана сникерстіме, әйтеуір бір керемет шоколадты жеп бақытқа кенелген екен. Соның нұсқауы бойынша (ол кезде ағылшынша жазуын оқида алмайтын едік) қиялдағы арманымызға айналған сникерсті витринадан көрдік. Бірақ көзімізбен салыстырсақ одан көлемі үлкендеу шоколадтарда тұр екен. Содан қас-қағым сәтте ақылдасып, «үш адамға бөліске қонымды болар» деп бір үлкенірек шоколадты сатып алып, Баянауыл басындағы қаздай тізілген бір жартастың қуысына келіп жайғастық. Қолымыздағы қазынамыздан айырылып қалмайық деп, алдымен төңіректі бір торуылдап алдық. Содан алдын-ала дайындықпен шыққан Асқар бәкісін қалтасынан шығарып, құтты мал бауыздайын деп жатқандай аз-маз дайындалып алды. Шоколадтың сыртқы «упаковкасы» жәйләп алынды, ол кезде қазіргідей жырта салмайсың, оның өзі құнды дүние (Шіркін! Сол кездері бостан-босқа ешкім конфет, сағыздың қағазын жерге тастамай жинап жүруші еді). Үш адамның көзі сызғыштың қызметін атқарып, ал Асқардың бәкісі курсор сияқты оңды-солды жүріп тұрды. Бір миллиметр артық-кем жібермей Асқар «қырқ» еткізіп үшке тең бөлді. Арманымыз ауызға түсті, олай-былай шайнаймыз что то «вафлиге» ұқсайтындай. Сөйтсек біз «шоколадные вафли» сатып алған екенбіз. Ал енді кінәліні тауып көр, «сен ғой осыны алайық» дегендей қып-қызыл дауға айналды. Бірақ ертеңгі күні сникерс жегендердің қатарына бізде қосылып, елдің бәріне «сникерс» жедік деп айтып жүрдік.