Иә, өлім хақ. Ананың құрсағынан шыққан сәбидің барар жерінің соңы қабір. Кейбіреулерге өлім туралы айтсаң, түрпідей ыршып түсетіні бар. «Қай-қайдағыны айтпай тыныш отыр» деп, үлкендердің зекіп тастағаныңда көргенбіз. Екі ғаламның сәруары Мұхаммед (с.ғ.с) үмметіне: «Мен сендерге екі насихатшы қалдырдым, біріншісі тірі – құран, екіншісі өлі – қабір» деді. Ал біз осы екі насихатты қаншалықты ұғына алдық? Тіршілігімізде құран оқып, қабірге барғанда өлімді еске алып жүрміз бе? Азғантай ғұмырымызда қаншама өлімді көрдік, көз алдымызда сәби де, жаста, кәрі де кетті. Қайтпас сапарға өз қолымызбен топырақ салып талайын аттандырдық. Көз жасымызды ағыл-тегіл ағызып, ең жақындарымыздаң да айрылдық. Олардың барлығы біз үшін қабірде жатқан сияқты, басына барып құран оқимыз. Осылай еске алған боламыз. Ал сол қабір бізге өлім туралы насихат айтып тұрғанын неліктен түсіне алмаймыз? Өлімді біз ұмытқанымызбен, өлім бізді ұмыта қоймас.Қаралы үйдің зар жылаған дауысы. Адамдардың иық-иығына ауысып бара жатқан мәйіт. Қаралы көшпен бірге қабірге барасын. Енді осы қабір басындағы көрініс бізге ғибрат болуы керек еді. Бірақ олай болмайтынын жиі байқайсың. Темекі түтінін будақтатып, жерге шырт-шырт түкіріп, әңгімені соғып тұрған жамағатты көресін. Бар міндеті күрекке кезекке тұрып топырақ үйіп тастау сияқты. Ол қолына алған күрегімен өзі кеше ғана дәмдес, сырлас, сапарлас, қызметтес, ауылдас болған адамды көміп жатыр ғой. Тіпті күрегімен лақтырып жатқан топырақтың өзі бізге ой саларлықтай еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): сахабаларға «сендер қабірге топырақты үш рет уыстап салыңдар», оның мәні: «алғашқысы – бізді топырақтан жараттың, екіншісі – осы топыраққа қайтарасың, ал үшіншісі – осы топырақтан қияметте қайта тірілтесін» – дегені. Осы жерде тағы бір нәрсе еске түсіп отыр, бір досым микроблогына «топырақ пен топырақ» деп жазып қойыпты. Мен одан «ол не мағына білдіреді» десем, Ол: «менің аты-жөнім» дейді. Иә, шыныменде барлығымыздың аты-жөніміз «топырақ» болар. Қазақтың ұлы кемеңгер ақыны, Абай да бұл жөнінде мынадай өлең жолдарын келтіреді:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзі қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Бірде бір әріптесімнің туысқаны қайтыс болды. Туысқан жамағайындарына ілесіп бізде бардық. Қабір басында тұрмыз. Менің бір әріптестерім жаназа намазынан қалып қойғандарына өкініштен өзектері өртеніп жатса, енді біреулері «әйтеуір көрініп қайтайын» деп келген. Қабір басында тұрғанда бір әріптесіме «қабірге келген сайын, осы адамдардың енді қайсысы-қайсысына топырақ салады» деген ой үнемі келеді десем, «Оның несіне бас қатырасың, сенде қай-қайдағына айтады екенсің, адам биологиялық заңдылық бойынша өсімдік сияқты қурап ғұмыры бітеді» деп дәлелдеп бақты. Мен ол кісіге қабірден кейін өмір бар емес пе? – деп қиямет туралы айтқандай болып едім, «Ол жақтан қайтып келіп бізге кім айтты?» дегенде, мен өзімнен бірнеше жас үлкен адамды, көз алдыма жас баладай елестеттім. Иә, мұндай әңгіме сарынын жиі естисін.

Тағы бірде қазалы хабар келіп, қаладан шалғайдағы ауылға жол тарттық. Менің бар ойым жаназа намазынан қалып қоймау еді. Алла Тағала бұл сауаптан құр қалдырмады. Соншалықты алыс жолдан дәл уақытында жеттік. Көліктен түсе сала сапқа тұрдым. Қалың халықпен бірге бейітке бардық, сол жерден көріскендерге көңіл айтып жатырмыз. Ауылдың қариясын қара жерге тапсырып, үйге барып асқа отырдық. Өз басым қаралы үйден ас ішуді үйрене алмай қойдым. Өңешіңнен өткен тамақ өлімді ұмыттыратындай. Шариғат тұрғысынан қарасан қаралы үйдің тамақ беруі дұрыс емес. Негізі асты көрші маңайы беру керек. Сонымен қатар, бұл ас алыс жолдан келгендерге ғана арналуы керек. Ал бізде ауыл халқы сол үйден түстеніп шығады. Жасаған батасының қайтарымы сияқты ас ішіп, аяқ босатудың мәнін түсіне алмай қойдым. Осы әңгімеден шығып отыр, біраз жыл бұрын туысқан ағатайым дүниеден қайтты, қаладан ауылға апарып жерлейтін болды. Ол кісі өзге ұлттармен қызмет ететін. Мәйітті қара жерге тапсырмай тұрып ас берді (қабірге баралмайтындарға арнап). Асқа бірге қызмет ететін өзге ұлттар келмеді «бізде адамды жерлемей тұрып тамақ ішпейді» деп. Мен осы сөзді естігенде, ет жеп отырған өзімізді көріп кірерге тесік таппаған едім. Жоғарыдағы оқиғаға қайта ойыссақ. Содан тамақтанып отырмыз. Біздің қазақ үлкен адам қайтса «той» дейді. Той дегесін көңіл-күйде көтеріңкі болуы керек пе қалай? Еркектер жағы карта ойнауға көшті. Әкесін жерлеп, қара жерге мәңгілік табыстағанынан шаруасы жоқ, батаға жиналған ақшаны ұтысқа салып жатыр. Көз алдымызда «ұтылып жатырмын» деп, бата жинаушы туысынан 5-10 мың теңгені алып жатқанын көрдім. Сонда бата жасаудың мәні не болмақ? Әр жерден лек-легімен ағылып келген халықтың шынайы ықыласымен берген ақшаның баратын жері осы болғаны ма? Әрине мұндай мысалмен барлығы осылай болады деуден аулақпын. Менің айтпағым өлімнен ғибрат алалмай жатқандығымыз еді.

Хақты танып, құранды өмірінің мәні ете алмағандар нендей өкінішті. Адамға насихат үшін өлім жеткілікті еді. Өйткені өлім өте ғибратты оқиға. Ислам ғұламасы Хасан Басри былай деген: «Өлім періштесі әр үйге күнде үш рет көз салады. Сол үйде кімнің рызығы таусылған болса, соның жанын алады. Періште оның жанын алған сәтінде, жақындары жылай бастайды. Періште үйден шығарда оларға қарап былай дейді: – Бұл менің бұл үйге соңғы рет келуім емес. Мен барлығыңызды алып кеткенге дейін осында келіп тұрам. Үйдегілер періштенің бұл сөзін әттең естімейді, естісе, өлген адамды былай қойып өз бастары үшін жылай бастайтын еді»

Сөз соңын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мына хадисімен аяқтағым келіп отыр: «Қабірлерді зиярат етіңдер, ол сендерге ақырет күнін еске түсіреді»,- деген.