Адамның өмірінде «дос» деген ұғым бар. Жынысыңды, тегіңді, туысыңды Алла тағала маңдайыңа жазып берген екен, ал дос пен жар таңдауды құлының қалауына қалдырған. Әрбіреуіміздің өмірімізде талай достар кездесті. Балалық шақ, мектеп, студенттік кезең қайсы бірімізге достар ұсына білді. Бір досыңа сырынды ақтарсан, енді біреуімен рухани дүниеңді байытасын.
Осының ішінде балалықтан қалған достың орыны бөлек екен. Сондай достардың бірі – Тілек Аманжолұлы. Тілек – қиялшыл, арманшыл жан еді. ҚарМУ-ға 1998 жылы бағымыз жанып, оқуға түстік. Ол «саясаттануды», ал мен болсам «география» мамандығын таңдадым. Студенттік өмір осылайша басталды. Қарағанды шаһарында талай сырларымызбен бөлісіп, ал ауылда айлы түндерде жұлдыздарға қарап, әлемнің құпиясын өзімізше ашып қиялға ерік беретінбіз. Жүректе жасырын сыр жатпайтындай бір-бірімізге адал дос болдық. Тауға шығып, балалық шақтағы оқиғаларды айтып отыратынбыз. Ол өте қиын сынақтарды басынан кешірді. Дүниеге әкелген ата-анасынан, тәтесінен, туған әпкесі мен немере ағасынан да айрылды. Ішіндегі шерін ақтарғанда анасын сағынудан бастайтын. Мен талай рет жұбатып, басу айтатынмын. Сол досым белгісіз себеппен 2002 жылдың 29 маусымында бұл фәниге қош айтысып бақилық болды. Неге? Не үшін? деген сұрақтар жауапсыз күйінде қала берді. Төменде досымды сағынышпен еске алып, сол жылдары шығарған өлеңімді жариялап отырмын.

Айлы түндерде жұлдызға қарап, сырласушы едік, жан құрбым.
Арманың сенің сансыз көп еді, бар еді әлі тағдырың.
Қалайша достым өмірден мынау, өзіңді-өзің қызғанып,
Ақылға сыймас жұмбақ күйінде, қыршында кетті ғұмырың.

Өмірдің мынау қатал заңына төзіп-ақ жүр ғой талай жан,
Күл-қоқыс кезген, үйсіз жандарда өмірден ләззат алалған.
Сол жандар сеннен бақытсыз еді, адами өмір таба алмай,
Тіршілік үшін амалсыз сірә, ит тірлік күнге баралған.

Қатыгез қоғам қыспаққа алса, шыбын жан өмір қиылар.
Бақытын таппай тұншыққан жандар, әр түрлі отқа ұрынар.
Білемін сенде жанашыр жақын қыршында кетіп жатқанда,
Бақытты армандар табанда жатып, қайғыдан сірә құрыған.

Айтарың сенің анашың еді, жылапта талай мұң шақтың.
Көз жасын толған сағыныш еді, анаға деген құшақтың.
Бақытты таппай адамзат кешкен, ғажайып жарық әлемнен,
Достым-ау неге? атыңа жалғар «марқұмды» қосуға асықтың.

Артыңда қалған қарындас, інің, қамқоршы аға деп жүрген,
Өзіңде талай армандап едің, соларға көмек берер ем.
Әттең-ай менде байлық, бақ жоқ қой, әйтпесе үйтем-бүйтем деп,
Армандар сәтін ғажап-ақ еді, қара бұлт мәңгі төңбеген.

Басыңа бардым, құлыптас сенің мәңгілік кеткен айғағың.
Көк тасын өрлеп қарға адым жерден, қоршап-ап жатыр аймағын.
Қара жер көрпе ұсынып жатса, құдайдың ісі деген бар,
Сондықтан достым не шара менде, жәннәтта болсын жас жаның!