Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үмметтеріне балаға жақсы есім қоюды бұйырған. Яғни Хадисте бұл жайлы «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар», – делінген. Жақсы ат қою – әкенің бала алдындағы борыштарының біріне жатқызылған. Сондықтан мұсылман ғұламалары адамға қойылған аттың кейінгі өмірге әсері болатынына сенген. Халқымыз да осы себепті нәрестеге ат қойғанда «Атына заты сай болсын» деген тілектерін білдірген. Қазақ халқы өзінің тілдік граматикасына негіздеп, мұсылманша аттарды қазақы тілмен атай білген. Мысалы: Мұхаммед – Махамбет, Осман – Ғосман, Хасан – Асан, Хусейн – Үсен, Али – Әлі хазірет т.б.
Баланың шыр етіп өмірге келуі – зор қуаныш. Сондай қуанышқа менде кенелдім. Ұлды болдым, есімін қайыненем қойды. Өз ұлың болғандықтан қандай есім қояды екен деп, алаңдайды екенсің. Қайыненем “Нұрәлі” деген тамаша есім таңдапты. Қойған есімі барлығымызға ұнады. Таңсық емес, таныс есім. Келіншегім перзентханадан қоңырау шалып, өтінішке Нұрәлі деп толтырғанын айтып тағы бір қуантты. Содан ұлым аман-есен үйге келді.

Ендігі шаруа туу туралы куәлікті реттеу. Бұған өзім жауапты болғандықтан АХАЖ бөліміне тарттым. Ол жерде өңкей түрі қазақ болғанымен тілі қазақ еместер отыр екен. Кезек келіп менде ішке кірдім. Сіздің балаңыздың есімінде қателік бар, қайтадан жөндейсіз деп қояды. Қателігінің түрі мынау «Нұрәлі» деген ныспының «ә», «і» әріптерін қызыл пастамен баттитып сызып қойған. «Дұрыс жазылған, ешқандай қателік көріп тұрған жоқпын» – десем. «Сіз, Нұрәлі деп қоя алмайсыз, себебі сіз таңдаған есім, біздегі мына кітапта жазылмаған» дейді. Өзі зілдей бір ауыр кітап екен. Заңның өзі аяққа тапталып жатқанда, осы кітаптың құдіреті соншалықты күшті болғаны ма? Маған дәлелдемек болып, «Нұр» сөзінен басталатын есімдерді көрсетіп шықты. Шынымен де, «әлі» деген жалғау жоқ екен. Сіз: «Нұрали, Нұралы» қойыңыз, деп кітапқа сүйеніп кеңестерін беріп әлек. «Жоқ, мен сіздерге дәлелдеп беремін» деп өтінішті толтырмай, келесі күні келетін болып шығып кеттім. Үйде «мұсылманша ат қою» деген жұқа кітапша бар еді, сонда қазақша Нұрәлі деп жазылған. Әйтеуір кітапқа сеніп отыр екенсіңдер, онда менде кітапқа сендірейін деп жұқа кітапшадағы есім арқылы дәлелдемек болдым.

Содан келесі күн. Тағы да кезек. Ішке ендім. Оларға кітапшадан «Нұрәлі» деп, жазылған бетті көрсеттім. «Иә, шыныменде бұл есім бар екен», деп қояды. Қазақы ойлау қалыбы жоқ олар үшін, бұл кітапша құнды заттай көрінген болар. Қолдарына алып әрқайсысы бір-бір қарап шықты. Бұл кітапшаны сіздерге сыйға тартамын деп едім, тіпті естері шықты. Содан мен жеңіске жеттім. Ұлымның есімі Нұрәлі болып жазылды. Кітапшаны оларға сыйлап, алғашқы бетіне Нұрәлінің әкесі Ернардан естелік болсын деп жазып бердім. (кейін басқа біреулерге пайдасы тиер деген ниетпен)
Бір күні жұмыстан келсем туысқан апайым ұлымды «Нурик, Нурик» деп, еркелетіп отыр екен. Бұған немқұрайлы қарамай, олай айтпаңызшы депте ескерттім. Мен қырқысып жүріп «ә», «і» әріптерін зорға дегенде баламның есіміне кіргіздім емес пе? Енді неге тағыда орысша атауымыз керек. Қазір ұлымды «Нөкетай, Нұреке» деген қазақы сөздермен еркелетеміз.
Осылайша есім қоюдың машақатын бастан кештік. Сонда өзіміздің қазекендер қойып жатқан «Бен Ладен, Дағдарыс, Самитхан, Төңкеріс» сияқты біртүрлі есімдер қандай кітапшаға сүйенді екен? Әлде бұл есімдер жаңалықта жиі айтылатындықтан бірден қабылданды ма? Егер олай болса, онда алдағы уақыттарда “Хан Шатыр, Конгресс Холл, Ақ Орда” деген есімдерде кездесіп қалса таңғалмаспыз.