Бұл оқиға тікелей маған қатысты. Ол былай болған еді: 2006 жылдың 30-шы желтоқсанында Алланың қалауымен үйленіп, бойдақтардың қатарынан аластатылдым. Аязы күшті, бораны ұйытқыған ерекше бір күн болатын. Басқа шаруан шықса бас тартатындай-ақ күн еді, үйлену мәселесі ауа-райына қарап жатпайды емес пе? Бір қора нөкерлерімді ертіп қызды ауылдан (Қарағанды қаласы) алдын-ала серттесіп қойған бойжеткенді алып қаштым (жабайы түрде деп ойлап қалмаңыз). Содан көліктеріміз жолда қалып жігіттер қалың қарды омбылап, қар күреумен болды (енді маған күреткендері ұят болар). Ағамның жер үйіне келін әкеп түсірдім.

Сонымен үйдеміз (келін түскен үйдегі қарбалысты білерсіздер). Жер үйдің пеші маздап, ауылды бір аңсатары анық. Достарым ырду-дырдумен естері шығып әлек. Осы кезде менің екі жерлесім (Мейрам мен Қайролла) аяқ-киімдерін есіне алып, пешке кептіріп қоюға жүгірген ғой. Қарындасым (9 жаста), оларға: «пештің духовкасына жайыңыздар, жылдам кебеді» – депті. Сол жерге аяқ-киімдерін жайып, көңілдері тыныш тапқан (Жеңгем түні бойы көмірді үсті-үстіне еселеп салған). Таңертен барлығымыз резеңкенің жағымсыз иісінен ояндық. Екеуінің аяқ-киімдері «духовкада» қақталып қалған екен. Босағада елеусіз қалған аяқ-киімдер, тұмсықтары ырсиып күйік шалған аяқ-киімді көріп, өз иелерінің күтімсіз тастай салғандарына ырза болған шығар (қалжың). Екеуі менің қысқы, күзгі аяқ-киімімді киіп, кезектен тыс(сайлау деп ойлап қалмаңыздар) сауда орталықтарына бағыт алды.