Көз алдымнан сол бір өртке оранған ормандар кетер емес. Ол кез 1997 жылдың күз айы еді. Қазақстанда жаппай қуаңшылық болып, қаншама орманды тілсіз жаудың жалмағаның ел ұмытпаған болар. Сарыарқаның көрікті өңірлері Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау қарағайлы орманды-таулы массиві де өрт апатынан тыс қалмады. Осы жылы Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағының 5692,8 гектар орманы жанып кетті (барлық орманның 15 пайызы). Баянауылдағы туған жерім 1 Май ауылының ормандарын сөндіруге менде ат салыстым. Сол жылдары өрттің көп болғандығынан ауыл халқы өрт сөндіруді кәдімгідей кәсіп қылып алды. Әне! Өрт шықты десе, бірден жауға шапқан батырлардай ел дүр көтерілетін. Біздің ауылдың халқы өрт сөндіруден көрші ауылдарды шаң қаптыратын. Көрші ауылдар өрт сөндіруге адамдарды шығара алмай жатқанда, біз қолымызға түскен затты алып солардың жерлерінде сөндіріп кететінбіз. Мен мұны мақтаныш үшін айтып отырған жоқпын. Айтайын дегенім ауыл халқының ұйымшылдығы еді.

Бір күні үйде отырған едік, таудың артынан өрт шықты. Дереу қамданып нива көлігімен тартып отырдық. Өртті орманға кіргізбейміз деген мақсатпен өртке қарама-қарсы таудың өзегімен барып қалыппыз. Өрт болған кезде желде күшейіп кетеді емес пе? Таудың өзегіне тоқтаған сәтте-ақ, өрт бізге жетіп үлгерді. Қырсық шалғанда көлік от алмай қалды. Жалма-жан көліктен түсіп, бет қаратпайтын тілсіз жаумен алыса кеттік. Бес адам жабылып жүріп ниваны қорғамақ болып жатырмыз. Бірақ атам қазақ айтқандай отпен ойнауға болмайды екен. Ағатайым барлығымызға “жан сауға” қашыңдар деп бұйрық берді. Ниваны тастап тауға қарай бірімізден-біріміз озып қаша жөнелдік. Сол кездегі жүрегімнің қатты соғысын қазірдін өзінде естіп тұрғандай боламын. Асыққанда үйден аяғыма өкшесі қисайған етік киіп алған екем, тауға қарай қашқанда жүгіре алмай қиналғанымда есімде. Біз бұл жақта өрттен қашып жүргенде, ауыл халқы ең дұрыс әдіспен артынан қуалап сөндіріп келе жатыр екен. Соларға барып бізде қосылдық. Таудың өзегінде қалған ниваны да ойлап қоямыз. Бірақ ешқандай қою қара түтін байқалмайды. Өрт сол кеткеннен орманға барып кірді (Атамның айтуынша осы ормандар 1930 жылдардан кейін жанып тұрғаны екен). Елмен бірге өртті қуалап әуелгі өзекке бізде жеттік. Өртке оранған қап-қара жерде аппақ болып нивамыз сол күйі тұр екен. Сонымен нива аман қалды, ал ормандар бірінен кейін бірі жанып кете барды. Қайың ағаш қызып жанған кезде “ысқырған дыбыс шығарып” көкке қарай шоқ болып ұшады. Көз алдымызда қайыңнан атылған шоқ көрші орманға түсіп, қас-қағым сәтте үлкен өртке айналды.

Туған жерімнің табиғатын мақтан тұтып жүрген мен үшін үлкен қасірет еді. Жеті атамыздан бастап қоныс болған туған жерім маған қаншалықты ыстық десеңші.

Туған жер топырағынан айналайын,

Болмасын ешқашанда қайғы, уайым.

Туған жердің табиғатын сәнді қылып,

Өсіп тұрса тал, терек пен емен, қайың-деп, өлеңдетіп жүретін де болдым. Орманның өртеніп кетуіне өзімді кінәлідей сезініп жегідей жеген кездерімде болды. Сол жылдан кейін туған жерімнің тек қыс айларын ғана көргім келетін. Жаз шықса ауылға каникулға (ҚарМУ студентімін) баруға қиналатынмын. Ормандардың бетіне қарасам көзіме жас келіп, тынысымды тарылтатын. Бірақ Алланың Құдіреті керемет екен. Сол жанған ормандар он жыл өткен соң қалпына келді. Қазір жас терек, қайыңдар қаулап өсіп келеді.

Сол жылдарғы тағы бір өрт жөнінде айта кетейін. Бұл бір қызық жағдай болды. Үйден атқа қонып өзіміздің жылқыларды іздеп шыққан едім. Таудан асып жазық шабындықтан өте бергенде, сол жағымдағы қырат жақтан өрт шықты. Кетіп бара жатқан бағытымнан шұғыл бұрылып өрт шыққан жаққа қарай тұра шаптым. Өрт шөп шауып жүрген трактордан кеткен екен. Ол жалғыз өзі жанталасып сөндіріп әлек. Мен дереу аттан түсіп үстімдегі күртешеммен сөндіруге кірісіп кеттім. Сол сәтте басқа шөпшілер жетіп, жабылып жүріп сөндіріп алдық. Күртешемді ердің үстіне төсеп, атқа мініп негізгі бағытыма қарай шаба жөнелдім. Шауып бара жатқанда артқы жақтан айғайлаған дауыстар шықты. Жалт қарасам менің астымдағы күртешем бықсып түтіндеп жатыр екен. Олар айғайламаса мүлдем байқайтын емеспін. Күртешеме түскен шоқ желге қарсы шапқан кезде жанған ғой (астары мақта екен). Осындай қызық жағдай да болған.

Осы жылғы өрттен көрші ауылдан адам шығыны да болды. Бір ер азамат қайын жұртына Семейден арнайы қыдырып келіп ажалың тілсіз жаудан тапты.  Өрттің тілсіз жау екенің сол жылдары көзіммен көрдім. Бірақ біздің қазақтың “атың шықпаса, жер өрте” деп неге айтқаның түсіне алар емеспін. Жер өртеп атыңды шығарғанша, жеріңді тілсіз жаудан қорғап қалғаның абзалырақ шығар.