Егер өткенімізге көз жүгіртер болсақ, ата-бабамыз арақ атаулыны мүлдем ішпеген. Арақ қазақ даласына орыс халқынан келгендігін тарихымыз дәлелдеп-ақ береді. Қазақ халқы әлімсақтан мал шаруашылығымен айналысып, осы шаруашылық арқылы өмірінің барлық қажеттілігін қанағаттандырып отырған. Яғни, мал өнімдері ешқандай ішімдік атауын бізге бере алмайды. Кейінгі кезде кейбір діндар бауырларымыз пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «әрбір мас қылушы харам», – деген хадисіне амал қылып, қымыздың өзін харам деп жүр. Біз осы уақытқа дейін қымыз ішіп денсаулығын құртқан, не болмаса қымыз ішіп қылмыс жасаған адамды естіп көрмедік. Керісінше қымыздың емдік қасиетінің молынан екендігін медицина мамандары айтуда. Сүт өнімдерінің ішінде отқа күйдірілмей, табиғи түрде дайындалған қымыз ішкен біздің бабаларымыз шөлін қандырып, шипасын да осы қымыздан алған. Олай болса, Алланың елшісі (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисында тек қана арақ-шарапты айтқаны даусыз. Қымыздың мас қылушы сусынға жатпайтындығын ғұламалар салыстыра отырып, дәлелдеп берген.

Қасиетті Құран Кәрім түскенге дейін араб халқы ішімдік ішіп, әбден азып-тозған еді. Тек қана ішімдіктің өзінің бұл өңірде жүздеген атауы болған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың кәләмін жеткізгеннен кейін араб халқы бұл індеттен сап тыйылған. Осындай ішімдік дертіне ұшыраған халықты құдіретті Жаратушы тек өзі құтқарып қалды. Басқаша болуы мүмкін емес еді. Жоғарыда айтқандай қазақ халқы ислам діні келмей тұрып-ақ, бұл арақ атауынан аулақ болды. Ал ислам дінін қабылдағаннан кейін енді ішуі мүмкін бе? Әрине жоқ. Біздің халықтың арақпен бетпе-бет кездесуі орыс жұртымен аралас-құралас өмір сүргеннен кейін жаппай орын алды. Қазақ үйіне келген орысқа сусын ретінде қымызын берсе, ал орыс үйіне келген қазаққа керісінше арағын ұсынды. Міне осылайша уақыт өте келе орыстың үйінен анда-санда ішіп жүрген арағын, кейін қазақ өз үйінен ішетін болды. Кеңестік қоғам аждаһадай өзге ұлттардың төл мәдениетін жұта бастады. «Құдай жоқ» деген атеистік қоғамда өмір сүрген біздің аға буын қазірдің өзінде (әлем исламды мойындап жатқанда) Хақтың бар екендігін сезіне алмай жүр. Санамызды әбден улап тастаған кеңестік империяның шылмауынан әлі де құтыла алмай жатырмыз.

Қазақтың бар қуанышы «ұлын – ұяға, қызын – қияға» қондыру болар. Тойдың алғашқы қамдары құдаларының алдынан өту, қоржын, киіт апару деген дәстүрі бар. Бұл дәстүрдің заманға байланысты кейбір элементтері өзгерсе де, негізгі мәні өзгермеген. Осындай қазақтың төл дәстүрінің өзінде тағыда сол ішімдік атауының басты рөлде ойнап жүргендігін көріп қарның ашады. Қоржын-киіт апарса, ішінде тақта отырған хандай ең жайлы жерде қымбат коньягі мен арағы жатады. Онсыз бару мүлдем ұят сияқты. Қыздын жасауын апарғанда да бәрін көрсетіп болғаннан кейін шампан атып, шарап ішуді біздің қай атамыз ұрпағына айтып кеткен екен?!

Осы мен хрусталь бокалдың қарапайым шыныдан жасалған бокалдан неге қымбат болатының соншалықты мән бермейтінмін. Кейін ойлап қарасам, бұл да ішімдікке байланысты екен. Былай қарасан екеуін бір-бірінен бірден ажырату қиын. Сусын ішуге екеуі де тең жарап жатыр. Ең басты ерекшелігі, бәрімізге мәлім “сыңғырлап” – дыбыс шығаратындығында. Енді ол дыбыстың не қажеті бар десең? Қажеттілігі ішімдік ішкенде баяғы бір-бірімен бокалдарын соғыстырудан туындаған. Яғни, сыңғырлаған бокалмен ішімдік атауын ішу үлкен мәртебе. Сонымен қатар оның ішіндегі ішімдіктіңде құны артады.

Өткенде бір тойда болдым. Дастарханда басқа тағамдардан енселерін жоғары ұстаған шөлмектер орын алатын қазіргі қазақтың тойы. Иә! Бұған үйренгенбіз. Сонымен той асабасыз болмайды емес пе? Асаба иман жүзді жас жігіт екен. Біздің қазақтың маңдайына біткен кәсіптің негізгісі бесеу десек соның бірі осы – асабалық. Енді қайтсін, қазақ сөзден кенде емес, күн көрістің қам тірлігі. Тойдың алғашқы бөлігінде асаба сөйлеп, ал екінші столында барлығы қосарла сөйлейтін, яғни әңгімесі де, басы да қызатын үйреншікті көрініс. Осылайша екінші столда асаба мүлдем сөйлеуден қалды. Ырду-дырду. Сөзден қадір кетті. Анығын айтқанда тойдың мәнін кетірген сол тойды ұйымдастырған иелерінің өздері. Асаба жігіт былай деп ескертуде жасады: «апай, осы тойымызды жақсы басқар деп маған бағыт-бағдар беріп жүрген бағана сіз емес пе едіңіз? Енді өз тойларыңызды өздеріңіз құртқандарыңыз қалай?» Ішімдіктің буына масайып қалған олар асабаның не деп жатқанына да мән бермей, керісінше қарқ-қарқ күліп ырду-дырду әңгімеге басты. Ең соңында әбден шыдамы таусылған асаба жігіт «тыныш отырыңыздар, сайтанның сапалағы құсамай» – деген сөзге дейін барды. Ал енді ойлап көріңізші, сау адам өз тойларының қадірін осылай кетіре ме? Әрине жоқ. Тағы да сол қазаққа азғындық әкелген қу арақ деместен басқа айтарым жоқ.