Кеңестік империяның қылышынан қан тамып, тасы өрге домалап тұрған заман. Ұлы Отан соғысынан кейін Әлемде тыныштық орнады. Адамдардың «Бейбітшілік, сен қандай ғажап едің!» деп, мамыражай күйбең тіршілік кешуге бейімделіп жатқан кез еді. Міне, осы кезде қазақ даласында жер-аспанды күңір еткізген ядролық жарылыс басталды. Тұла бойын әбден үрей басып қалған қазақтың маңдайына бұл да жазылған екен.

Қасиетті Шыңғыстау өңірі бұл нәубетті жарты ғасырға жуық уақыт басынан өткізді. Алғашқы жарылыс бейқам жатқан елдің тыныштығын бұзып, бесігінде алаңсыз ұйықтаған баланы шыр еткізді. Ядролық жарылыстың гүрсілінен ұйқысы қашқан сәби бала, қырық жыл өткеннен кейін ғана алаңсыз ұйықтайтындай-ақ еді. Бірақ бұл кезде денсаулықтың да қадірі қалмады. Талай ғасырғы зобалаңда жерінен қудаланған қазақты бұл жолы да қатал саясат аямады. Бейбіт тірлік кешеміз бе деп жатқан ел жұртты енді нағыз қасірет күтіп тұрғандай болды. Себебі, еш ескертусіз елді мекенді сынақтың алаңына бір ақ күнде айналдырды. Мүмкін жарылысты тамашалауға «көрермен-жанкүйер» керек те болған шығар. Дерек көздеріне сүйенсек атом бомбасының сынақ объектісіне адамдар да алынған екен. Жергілікті тұрғындарды сынақ аймағынан басқа жаққа көшірмеудің себебі де осы болар.

Баршамыз білетін 1989 жылғы Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен құрылған «Невада-Семей» қозғалысы жойқын апатқа тосқауыл болды. Қазақ халқы бейбіт мақсатта сыналған 500-ден астам ядролық бомбаның зардабын 40 жыл басынан кешірді. Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды дүниеге әкелген Семей топырағы аспан мен жер арасындағы аласапыранды бомбаның зардабын шекті. Семей ядролық сынақ полигоны дегенде көз алдымызға бірден О.Сүлейменов келеді. Ол кісінің ерең еңбегін ел ескерусіз қалдырмай санасына сіңіріп алды. Иә! Шынымен ерен еңбек дегін-ақ келеді, бірақ қалай десекте бұл өте кеш болған қозғалыс. Әбден жетеріне жетіп, қазақша айтқанда “болары болып, бояуы сіңген” еді. Бірақ бұған да тәуба деп, бөркімізді аспанға атып өз ішіміздегі фашисті женгендей болдық емес пе?

Ядролық жарылысқа қарсы тұрған Қаныш пен Мұхтардың әрекетін бірі білсе, бірі білмес. Ол кез 1950 жыл еді. Семей ядролық полигонында жарылыс енді ғана басталған. Осы кезде Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» эпопеясын жазып жүрді. Яғни, Мұхтар Алматыдан Шыңғыстау өңіріне жиі барып тұрған болар. Өзінің туған жеріндегі ащы қасіретті жүрегімен сезінбеуі мүмкін емес қой. Мұхтарға еліндегі зобалаң қатты әсер етті. Бірде Мәскеуге Қаныш Сатпаев, Бөпежан Аяпбергенов үшеуі қызмет бабымен (ҰҒА-на қатысты шаруалармен) бара жатады. Мұхтардың көңілсіз отырғанын Қаныш бірден аңғарып, оның мәнін сұрайды. Мұхтар туған өлкесіндегі қасіреттін жанына әбден батқандығын айтып Қанышпен бөліседі (Қаныш ҰҒА президенті). Қанышта ұлттың азаматы емес пе, бұл мәселеге бейжай қарап жүрмеген.

Екеуі Мәскеу сапарынан оралғаннан кейін бұл мәселеге бірден кіріседі. Орталық камитет бюросының (КГБ) айдарынан жел есеп тұрған кез емес пе. Соған қарамастан 1950 жылы медицина ғалымдарынан арнайы экспедиция жасақтап, Абай ауданы, жалпы Ертіс бойының радиациясын және одан шыққан зардапты зерттеп қайтуға аттандырады. Бұл шараға КГБ бөгет жасайды. Сөйтіп сол экспедиция жөнінде Қанышты ОК бюросына шақырады. Неге Орталық Комитетпен келісіп алмадыңыз дейді бюроны жүргізіп отырған адам. Ғылым тәуелсіз дамуы тиіс, -дейді Қаныш. Бізде партия бар. Сол партияның айтуымен елдің қорғаныс қабілетін күшейту шаралары жүріп жатады. Ал сіз оның нәтижесін тексеруге экспедиция жібересіз? Партияға халқының денсаулығы да керек шығар, – дейді Қаныш. Бюро мәжілісі экспедицианы дереу қайтарып алу жөнінде қаулы алумен аяқталады.

Екі айдан кейін экспедиция қайтып оралады. Бұл атом бомбасын сынаудан туған қасірет жөнінде дүниеге келген тұңғыш құжат болатын Ядролық сынақты тоқтату жөнінде Қаныш пен Мұхтар Курчатовтың өзіне де жолығады. Қалған сынақты жердің астында өткіземіз. Ол төңірегіне аса зардапты бола қоймайды – дейді Курчатов. Сол бәлекеттен мүлдем құтылып жабуға болмай ма – дейді Мұхтар. Сынақ тоқтату Сталин мен Берияның ғана қолында – дейді Курчатов.

Осы үлкен мәселені көтергендері үшін 1950 жылы екеуіде қудаланады. Яғни, екеуіне орталық бюроның таққан айыбы «еліміздің қорғаныс қабілетін әлсіретуге бағытталған шараларды жүзеге асыруға дейін барды!» деген. Қанышты ҒА-ның Президенттігінен алады. Мұхтар Мәскеуге қашып жан сауғалайды. Қанышта Мәскеуге кетеді. Қаныш КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Жау еместен жау жасап жүрген КГБ қақпанынан осы депутаттығы қорғап қалған.

Күштілердің демі диірмен тасын шыр айналдырып тұрған сол бір кездін өзінде Қ.Сатпаев, М.Әуезов сынды ел азаматтары бұл мәселеге бас көтерген еді. Екі тұлғаның тауы шағылып, мақсаттарына жете алмағасын басқасынан не қайыр. Қалай десекте, өмірлеріне қауіп төнетінің біле тұра жасаған әрекеттері елдің санасынан тыс қалмас деп ойлаймын.