Негізі бұл материалдың атауы “Театр тәрбие бастауы” болатын.  Бұл Орталық Қазақстан газетіне басылған еді. Алғашқы жазбам ретінде соны беріп отырмын. Сонымен қош делік…

Жақында досым екеуміз Қарағандыға гастрольдік сапармен келген Семей театрының «Заңды неке» қойылымын тамашалау үшін өзіміздің Сәкен атындағы қазақ драма театрына бардық. Театрдың жаңа ғимаратына алғаш бас сұққаным осы. Зал лық толмаса да, көрермендер баршылық. Дені мектеп оқушылары екен. Ересектер жоқтың қасы.

Семейлік актерлердің роль сомдау шеберліктерінде мін жоқ. Айтқым келіп отырған сол – қойылымның ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Оның үстіне, қайталап айтайын – көрермендер тегіске жуық балалар. Қойылым мүлде балаларға арналмаған. Жас өскіндер сахнадан ішімдік ішіп, өздерінше көңілді отырған отбасының сиқын көрді. Басты рольдегі еркек Сафура деген келіншекке ішімдіктің буымен сезімін білдіргенсиді. Осы көріністен әлгі жеткіншектер не үлгі алмақ?! Біз ғой, әдетте, балаларға кинотеатрларға барып, атыс-шабыс сұмдықтарды көргенше, драмалық театрларға барып, рухани азық болардай қойылымдарды тамашалаңдар деп кеңес айтамыз. Ал сол айтқанды тыңдап, театрға келген, сөйтіп мынадай көріністерге киліккен жеткіншектеріміз не ой түймек?!

Мен осы бір жалғыз қойылым үшін басқа дүниелерге топырақ шашудан аулақпын. Сәкен театрының талай сүбелі туындыларын тамашалап, рухани молығып қайтқан кездеріміз аз болмаған. Тек, әлгіндей аракідік кездесіп жүрген сұйық көріністерден аулақ болып, жастарымызға ұлттық болмысымызға мейлінше жақын дүниелерді дәріптесек дегенді айтқым келеді.