Өткен жылдың соңы болатын. Үйге келіп, теледидарды қосып қалсам “Сонымен солай дейік” бағдарламасы болып жатыр. Біраз жерге барысып қалған екен, ырду-дырду қызып тұрған пікір талас. Тақырыбы “Қоян жылынан не күтеміз?” болса керек. Студияға бірталай адам жайғасқан. Көпті көрген қариялар, метеорологтар, діни қызметкерлер т.б. Солардың ортасында айтқан болжамдары нысанаға дөп тиіп, үнемі метеорологтардың алдын орап кететін жұлдыз жорамалшы Назарбек Қожамсейіт ағамыз да бар. Осы ағамызды өз басым бала кезден білемін. Ауыл халқының тұрмыс тірлігі табиғат аясында ғой. Астықтың бітік өсуі, малының қыстан аман шығуы тікелей ауа-райы жағдайына байланысты. Біреу «биыл қыс қатты болады»-екен десе, кім айтты? Қожамсейіт айтты ма? деп сұрап жатады. Иә! Бұл ағамыз ауыл халқы үшін «звезда». Метеорологтар айлық болжауды әрең жасап жүргенде, бұл кісі бір жылдық болжауды бірақ айтады. Жай ғана жалпылай айтып кетпей «детально» айтатыны бар. Қарағанды өңірінің батысында қыстың басы жұмсақ болып, соңы ұзарып көктем көпке дейін шықпай қояды деген сияқты.

Ал енді студияға қайта оралар болсақ. Бағдарлама соңында келген қонақтарға “бір-бір ауыз сөз” айтып түйіндеңіздер дейді ғой. Қоян жылынан не күтеміз? Алдағы жыл қандай ерекшеліктерге толы болады? деген сұраққа әрқайсысы қорытынды жауаптарын айтып жатты. Көрермен Қожамсейіт не айтады деп күткен болар. Ал ағамыздың айтқаны “Енді Қоян негізінен «секс құмар» хайуан ғой” сондықтан алдағы жыл демографияның қарқынды өсімімен сипатталады деп былш еткізді. Сонда қалай? Жер беті халқы жылнама бойынша рет-ретімен тұрған хайуандардың көбею мүмкіншілігіне байланысты өсіп-кеміп отыра ма екен. Не болмаса, жоғары қарқынмен өсіп жатқан мұсылман халқы секс құмар болғандықтан көбейіп жатыр ма? Егер қоянның бір жылда ондаған көжекті дүниеге әкелуін секс құмарлықпен байланыстырған болсақ, онда демографиясы құлдырап кеткен Еуропа халқын “жыныстық қатынастың әбден шегіне жеткен” деп босқа жазғырып жүр екенміз ғой.

Атағы жер жаһанға мәлім болған, психоаналитиканың негізін салушы Зигмунд Фрейдтің “бұл дүниенің ең басты мәні жыныстық қатынас” деген сөзіне еліктеген батыс халқы азғындықтың небір сойқанын істеп бақты. Секс құмарлықтың белең алғаны соншалықты “азаматтық неке” “любовник” “любовница” “лесбиянка” “голубой” деген отбасы құрлымының ірге тасын шайқалтатын арсыздықтың бәрі солардан шыққан жоқ па.

Жә, Сонымен қоянға келейік. Назарбек ағамыз қоянның неліктен өсімтал болатының білмеген болса, шамамызға қарап біз айтайық. Бүкіл әлемнің иесі Алла Тағала жер бетіндегі әрбір тіршілікті бостан-босқа жаратпаған. Жыртқыш хайуандардың өсіп көбею мүмкіндігін әлсіздерге қарағанда шектеп қойған (жыртқыштар көп болып кетсе биоценоздардағы тепе-теңдік бұзылады). Қояндар шөп қоректі жануар болғандықтан әлсіздерге жатады. Қоян соншалықты көп көжектегенімен, соның жартысынан көбі жыртқыш аңдардың қорегіне айналады (Алла Тағала қасқыр, түлкі т.б. жыртқыш аңдардың ырзығын осы қоян сияқты ұсақ аңдар есебінен беріп қойған). Егер қояндар жылына бір көжек қана туатын болса (Назарбекше «секс құмар» болмаса), онда қояндардың популяциясы жер бетінде жойылып кеткен болар еді. Қоян секілді ұсақ аңдардың азайып кетуінен жыртқыштар аш қалып, тағы да тепе-теңдік бұзылады.

Тілді Құдай берді екен деп қай-қайдағыны айта бермей, ел алдында ойланып сөйлегеніміз дұрыс болар.